Елена Рыбакина Үлкен дулыға турнирінің төртінші айналымына өтті

Фото: ktf.kz
Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының төртінші айналымына шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 54-ракеткасы, 18 жастағы чехиялық Тереза Валентовамен бетпе-бет келді.
Елена Рыбакина өткен жылы АҚШ ашық чемпионатының екінші айналымында чехиялық жас спортшыны 6:3, 7:6 (9:7) есебімен ұтқан еді.
Бұл жолы Валентова матчты брейкпен бастағанымен, Рыбакина есесін жібермеді – 6:2. Екінші сетте Елена 5:3 есебімен алға кетті. Сосын матчқа доп бергенде, мүлт кеткен жоқ – 6:3.
Бір сағат 23 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 4 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Валентова 4 эйс, 2 брейкпен (9 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Елена Рыбакина ширек финалға шығу үшін әлемнің 21-ракеткасы, бельгиялық Элисе Мертенспен таласады. Ол үшінші айналымда рейтингіде 126-орындағы чехиялық, 19 жастағы Никола Бартунькованы жеңді – 6:0, 6:4.
"Қолымнан айырылып қалу алдында тұрмын": МӘМС арқылы уақытылы көмек ала алмаған қазақстандық ота кезегінің ұзаққа созылғанына наразы