Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Электронды сауда тауарлары міндетті түрде декларацияланады

тауарФото: freepik.com / pressfoto

Сенаттың жалпы отырысында "Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заң қабылданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Аталған хаттамаға 2023 жылғы 25 желтоқсанда Санкт-Петербург қаласында ЕАЭО елдерінің басшылары қол қойған. Құжаттың негізгі мақсаты – шетелдік интернет-дүкендер арқылы жүретін электронды сауданы құқықтық тұрғыда реттеу.

Сенатор Бекбол Орынбасаровтың айтуынша, хаттама электронды саудамен байланысты тауарларды жеке санат ретінде қарастырып, оларды міндетті түрде кедендік декларациялауды көздейді.

“Қазір мұндай тауарлар жеке пайдалануға арналған болып саналып, белгілі бір шектен (200 еуро немесе 31 кг) аспаған жағдайда декларацияланбайды. Бұл ресми статистикаға енгізілмей қалады. Жаңа талаптар бұл олқылықтың орнын толтырып, нақты есеп жүргізуге мүмкіндік береді”, – деді сенатор.

Құжат аясында бірнеше өзгеріс қарастырылған:

"Электронды сауда операторы" ұғымы енгізіледі;

Электронды саудаға арналған жаңа декларация түрі қолданысқа енеді;

Барлық электронды сауда тауарлары міндетті түрде кедендік рәсімдеуден өтеді.

2021 жылдан бастап ЕАЭО елдерінде осы бағытта пилоттық жоба жүзеге асырылып келеді. Қазақстанда операторлар ретінде "Қазпошта" АҚ және "DHL International Kazakhstan" ЖШС жұмыс істеп жатыр. Болашақта басқа да логистикалық компаниялар оператор бола алады.

Сенатордың айтуынша, хаттаманы қабылдау кедендік рәсімдерді жүйелеуге, нақты статистика қалыптастыруға, нарық қатысушыларына тең мүмкіндік беруге және кедендік төлемдерді тиімді басқаруға жол ашады.

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 25 Қыркүйек, 2025 11:01
Талқылау