Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елдос Сметов мансабын аяқтай ма? - Бұл туралы спортшының өзі жауап берді

Фото:ҰОК

Париж Олимпиадасынан бері бірде-бір жарысқа қатыспаған Елдос Сметов татамиге қашан оралатыны белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 1bol.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Даңқты спортшының айтуынша жарақатынын кейін ота жасатып, ақырындап қалпына келіп жатыр.

Сонымен қатар ол алдағы уақытта ірі додаларда бой көрсететінін, алайда барлығы спортшының бабына байланысты екенін атап өтті.

“Олимпиада ойындарынан кейін күресті қойдым деп мәлімдеме жасамадым. Алдағы жарыстарда сынға түсетінімді айттым. Жарақатты емдеп, ота жасаттым. Отадан кейінгі қалпыма келуге тырысып жатырмын. Иығым толық жазылған соң желтоқсан айында толық түрде жаттығуға кірісуді көздеймін. 2026 жылдың қай уақытында дайын боламын, сол кезде бір жарыста күресемін деп ойлаймын. Бірақ нақты "мына жарыста сынға түсемін" деп қазір тап басып айта алмаймын. Оның белгілі бір уақыты белгіленбеді. Барлығы спорттық бабыма келуіме байланысты болмақ", - деді Елдос Сметов.

Айта кетейік, Елдос Сметов тәуелсіз Қазақстан тарихындағы дзюдодан тұңғыш Олимпиада чемпионы. Ол 2024 жылы Париж Олимпиадасының финалында француздық Луку Мхеидзе президент Макронның көз алдында тізе бүктіріп, алтынна алқа таққан еді. Осылайша ол Олимпиада ойындарының барлық жүлде қорын еншілеген еліміздегі санаулы спортшылардың бірі болды. Еске салсақ, Елдос Сметов 2016 жылы Рио Олимпиадасында күміс, 2020 жылы Токиода қола еншілеп, ел мерейін үстем еткен.

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 12 Қараша, 2025 13:31
Талқылау