Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елдос Сметов Лос-Анджелесте өтетін Олимпиадаға қатысатынын хабарлады

Фото: instagram.com/yeldos60kg

Олимпиаданың үш мәрте жүлдегері Елдос Сметов 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына қатысуға ниетті екенін өзінің Instagram парақшасында жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Франция астанасы Парижде өткен 2024 жылғы жазғы Олимпиада ойындарынан кейін қазақстандық дзюдошы спорттық мансабында үзіліс алған еді. Көптен күткен алтын жүлдені жеңіп алған Сметов болашақтағы жоспары жайлы әлі нақты шешім қабылдамайтынын айтқан болатын.

Араға бір жыл уақыт салып олимп ойындарының үш дүркін жүлдегері спортқа қайта оралатынын мәлімдеді. Елдос 2028 жылы өтетін Олимпиада ойындарына қатысуға мүдделі екенін хабарлады. 

"Бүгін мен үшін ерекше әрі тарихи күн. Дәл бір жыл бұрын көптен күткен арманым орындалып, Олимпиада чемпионы атандым. Бұған дейін қатысқан үш Олимпиада ойындарының әрқайсысы мен үшін маңызды. Алайда Париждегі алтын медаль – менің мансабымдағы ең биік жетістік болып қала береді.

Бұл жеңіс – көптеген тер төгілген еңбектің нәтижесі. Жолда кездескен қиындықтар мен сәтсіздіктерге қарамастан, мақсатқа жеттік. Сол үшін де бұл күн мәңгі есте қалады. Армандар орындалуы үшін көп нәрседен бас тарттық, көптеген сынақтан өттік. Барша спортшыларға дәл осындай қуаныш сезімін татуды тілеймін!

Олимпиададағы алтыннан кейін ғана мен өміріме, отбасым мен жақындарыма көбірек көңіл бөле бастадым.

Париждегі жеңіс маған алынбайтын қамал жоқ екенін дәлелдеді. Енді осы табысты 2028 жылы Лос-Анджелесте қайталауды мақсат тұтып отырмын", – деп жазды Сметов.

Абылайхан Палмағанбет
Дүйсенбі, 28 Шілде, 2025 15:37
Талқылау
`