Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

9 жылдан кейін алғаш әке атанған Елдос Колобок ұлының бесік тойын дүркіретіп өткізді

9 жылдан кейін алғаш әке атанған Елдос Колобок ұлының бесік тойын дүркіретіп өткіздіФото: https://www.instagram.com/jonyshka_kolobka/

Танымал блогер Елдос Колобок (Қадірханов) тұңғышының бесік тойын ерекше форматта тойлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қуанышты сәттен видеоларды блогер әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. 

Тойдың басында Елдос әнші Серік Ибрагимовпен бірге Ғазизхан Шекербековтің “Ұлыма ақыл” әнін орындаған. Ол бұл күнді 10 бойы күткенін айтып, жүрекжарды жазба қалдырды.

“Осы күнді 10 жыл күттім. Аллаға шүкір осы күнге жеттік! Баршаңызға мың алғыс! Құттықтауларыңызға рахмет”, – деп жазған ол.

Тойда 91 тобының мүшесі Alem (Батыр Мәліков) ән шырқады. Елдос пен жұбайы Таңшолпанның 9 жыл күткен перзентінің есімі – Әлем. Осыған байланысты “Әлемнің тойында Әлем ән айтты” деген сәт көпшіліктің жүрегін елжіретті.

Тіпті той иелерінің өздері көздеріне жас алған. 

“Аллаға шүкір, шынайы бақыттың көз жасы”, – деп жазды блогер.

Бұдан бөлек тойда Қайрат Нұртас, Сәкен Майғазиев, Дастан Оразбеков, Қуандық Рахым секілді қазақ эстрадасының жұлдыздары өнер көрсетті. 

Ерекше тойбастар

Сондай-ақ бесік тойдың тағы бір ерекшелігі – тойбастар болды. Даяшылар әр үстелге тойбастарды балалар арбасына салып алып шыққан, тіпті арбалардың жеке нөмірі бар. 

Блогер бұл идеяның ұзақ уақыттан бері арманы болғанын жасырмады.

“Осы тойды армандағанымда тойымда “тойбастарды” дәл осылай шығарамын деп қиялдайтынмын, аллаға шүкір арманыма жеттім”, – деп жазды ол. 

Сонымен қатар той барысында Әлемнің дүниеге келуіне септігін тигізген дәрігерлер мен клиника қызметкерлері, және журналист Ләйлә Сұлтанқызына ерекше құрмет көрсетілген.

“Әлемнің өмірге келуіне себепші болған бірінші Алла, сосын осы кісілердің арқасы”, – деп жазды Таңшолпан. 

Әлемнің бесік тойына арналған той торты да жұрттың назарын аударды. Блогердің айтуынша, тортты әзірлеуге кондитерлер арнайы Ақтөбеден келген.

“Әлемнің “Бесік” торты, көптен күткен тойымыздың торты ерекше болса екен деп армандайтынбыз, арнайы осы тойға Ақтөбе қаласынан үлкен командасымен Самал ханым келді. Торт күткеннен де мықты шықты, Самал ханымға және ұжымына мың алғыс”, – деп жазды ол.

Айта кетейік, бұған дейін блогер Елдос Колобок алғаш рет әке атанғаны хабарланған болатын. Кейінірек ол ұлымен алғаш кездескен сәтін жариялап, жұртты жылатты.

Еске салайық, Елдос Калабок пен жұбайы Таңшолпан көптен күткен қуанышын бөлісіп, сүйінші сұраған белгілі блогерлер gender party жасағаны хабарланған болатын. Танымал жұпты қазақстандықтар жарыса құттықтады.

Балнұр Жұмаділла
Бейсенбі, 22 Қаңтар, 2026 17:45