Елде айлығы жоғары азаматтар үшін жеке табыс салығын көбейту ұсынылды
Ұлттық экономика министрі, вице-премьер Серік Жұманғарин елде табысы 8500 АЕК-тен асатын азаматтар үшін жоғары мөлшерлемемен жеке табыс салығын салу ұсынылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Жеке табыс салығына қатысты өзгеріс жайлы Жұманғарин мәжілістің жалпы отырысында айтты.
“Сонымен бірге біз сіздердің қарауларыңызға салық жүйесін трансформациялауға бағытталған түзетулер енгіздік. Маңызды бастамалардың бірі – жеке табыс салығының прогрессивті мөлшерлемесін енгізу. Мәселен, жылдық табысы 8 500 айлық есептік көрсеткіштен (33,4 миллион теңге) асатын қызметкерлер үшін жоғары 15% мөлшерлемені белгілеу ұсынылады. Бұл жоғары табысқа қосымша салық салынатын тетікті құруға мүмкіндік береді”, – деп түсіндірді Серік Жұманғарин.
Сонымен қатар елде мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша кірістерге 10% мөлшерлеме бойынша корпоративтік табыс салығы салынады. Олар қазір салықтан босатылған.
Еске салайық, бұған дейін Серік Жұманғарин “сән-салтанат салығы” бойынша жаңа деректерін бөліскен еді.
“Ол үшін жылжымайтын мүлік құны 450 миллион теңгеден асатын болса, мүлік салығының мөлшерлемесін ұлғайту ұсынылады. Сондай-ақ құны 75 миллион теңгеден асатын жеңіл автомобильдерге, сондай-ақ қымбат теңіз кемелері мен ұшу аппараттарына акциздер енгізу жоспарланып отыр”, – деді вице-премьер.