Елде жаңа көліктер сатылымы 36% артты: Қазақстандықтар қай модельдерді таңдайды
Фото: pixabay.com/GoranH
2025 жылдың сәуірінде Қазақстанда 19 247 жеңіл және коммерциялық көліктер сатылған. Бұл 2024 жылдың сәуіріндегі көрсеткіштен 35,9% көп. Жыл басынан бері ресми дилерлер 66 090 көлік сатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстанның Автокөлік Одағының басшысы Анар Макашеваның сөзінше, сатылым деңгейінің артуы отандық көлік өндірісінің дамуымен байланысты.
"Сұраныс құрылымындағы мұндай қатынас отандық көліктер мен отандық автозауыттар ұсынған сан түрлі модель сапа, баға және сатып алғаннан кейінгі қызмет тұтынушының күткеніндей болғанын растайды. Дилерлер мен банктердің бірігіп қолға алған бастамалары жаңа автомобильдердің ауқымды аудитория үшін қолжетімділігін арттырып жатыр. Жалпы айтқанда, ел тұрғындарының заманға сай әрі технологиялық модель алуды қалауы мен авторитейлдің ірі ойыншыларының белсенді жарнама кампаниялары, бәрі бірігіп автопарктің жаңаруына ықпал етеді және саланың тұрақты дамуына көмектеседі", - деді ол.
Елде ең көп сатылған көліктер қатарында Hyundai көш бастап тұр (4 393 көлік). Ал Chevrolet екінші орында (2 725 көлік) болса, үшінші орында Kia (2 207 көлік) тұр. Бұл жолы Chery бренді төртінші сатыға қайта көтерілді (1 434 көлік). Сәуірде 1 368 көлігі иесін тапқан Jetour бесінші қатардан көрінді. Әрі қарай тізімде Geely (1 051 көлік), Haval (1 046 көлік), Toyota (744 көлік), Changan (691 көлік) және Jac (661 көлік) бар.
Төрт айдың қорытындысы бойынша брендтер көшін Hyundai (16 098 бірл.; +30,7%) бастап тұр, екінші орында 8 734 автомобильдері өткен Chevrolet-ке бұйырды (+81,4%), Kia клиенттері 7 112 автомобильдің иесі атанды (+7,1%). Chery-дің 4 531 моделі иесін тапса (+1,3%), бестікті Jetour маркасы түйіндеді 4 471 бірл. (+74,5%).
Сәуірдің қорытындысы бойынша көп сатылған модельдер қатары келесідей:
– Chevrolet Cobalt;
– Hyundai Tucson;
– Kia Sportage.