Елбасының курстасы ренішін айтты
Шымкентте кезінде президент Назарбаевпен Днепродзержинск қаласында бірге оқыған бірнеше азамат тұрады.
Солардың бірі – Тельман Спаев Тельман қария редакциямызға телефон шалды, деп жазады Замана газеті.
«Астанадағы әуежайға Нұрсұлтан Назарбаевтың аты берілгенін естіп, екіұдай сезімде отырмын, – деді Тельман қария. – Мұны мен кейбір жағымпаздардың ісінің нәтижесі деп білемін. Соған іштей ренжулімін. Бұрын комсомолда істеген бірер жағымпаздар бар, осындай бастамаларды солар шығарады. Осыным қалай болар екен деп жұрттан ұялмайды да.
Негізі Нұрсұлтанның абырой-атағы бір басына жетеді ғой. «Подхалимдер» оның абыройын бұлайша асырмай-ақ қойсын. Қайта атына көлеңке түсіріп жатыр. Негізі оның атын бұдан үлкен нысанға берген жарасады емес пе?
Депутаттар Астана әуежайын еліміздің дарбазасы, оған Президенттің атын берген дұрыс деп жатыр. Енді бәріміздің дарбазамызға Нұрсұлтанның атын жазып қоюымыз қалды ма? Жағымпаздар мен парықсыздар шектен шығып бітті әбден. Назарбаевтың атын кез келген нәрсеге қоя береді.
Өткенде біреудің джип көлігіне «Нұрсұлтан. Қожа» деп жазып қойғанын көріп, көлік иесіне әбден ұрыстым, мұның ұят болатынын айтып, жазуын өшіргіздім. Жөн-жосықсыз бұлай ете беруге болмайды ғой.
Жалпы, менің жоғарыдағы аталған жайға орай өз пікірімді білдіргім келді. Бұл айтқандарымды газеттеріңде жарияларсыңдар деп ойлаймын».
Тельман қария осылай дейді. Бұл ол кісінің жеке пікірі. Бүгінде «Президенттің курстастары» қорын басқарып отырған қарияның Назарбаевты жоғары бағалайтыны белгілі.
Тағы да оқыңыз:
Белгілі уағызшы қожалардың неліктен қыз бермейтінін айтып берді (видео)
ОҚО-да әйел 4 жасар науқас баласын ауруханада тұншықтырып өлтірмек болды
Жас жігіт садақа жәшігінен ақша ұрлап, Аллаға хат қалдырып кеткен