Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дәулет Мұқаев саяси көзқарасы мен қазіргі жүйе жайлы айтты

Дәулет Мұқаев көпшілікке журналист, блогер ретінде танымал. Әсіресе, баспана мәселесін көтеріп, халыққа қажетті ақпарат айтып жүр. Саясатқа жаңа қадам басқан Дәулет Мұқаев бұл жолы саясат жайлы сөз қозғады. Блогер саяси көзқарасы мен қазіргі жүйе жайлы ойын жеткізді. 

Бұл туралы Нартай Аралбайұлымен болған сұхбатында айтты. 

Дәулет Мұқаев сайлауда "Адал" партиясына мүшелік етті. Алайда аталған партия көшбасшы үштік партия қатарынан көрінген жоқ. Дегенмен партия өкілдері жұмысын депутаттық атақсыз да жалғастыра беретінін айтқан еді. Дәулет Мұқаев парламенттік сайлау туралы ойын айтты. 

"Мен саясатты бұрын да ұнатпайтын едім. Саясатқа келетін ойым болған жоқ. Маған ұсынысты Мақсат Толықбай айтты. Осындай партияда, осындай жұмыс істейік деді. Мен екі күн ойланып, қабыл алдым. Мақсат екеуміздің бағдарламамыз ұқсас болғандықтан көп бірге жүрдік. Үгіт-насихаттарға шықтық. Бірақ сайлауда Нұр-Отанның жеңетіні белгілі еді. Нұр Отанның жеңісі ешкімге жаңалық емес. Біз Нұр-Отаннның орнына таласқан да жоқпыз. Себебі бір ай бұрын ғана құрылып, үгіт жүргізіп 50-60 пайыз жинап, жеңіп шығу мүмкін емес. Біз үшінші орынға таластық. 7 пайыз дауысты жинаймыз деп ойладық. Себебі, екінші орында Ақжол партиясы алуы мүмкін екенін де түсініп отырмыз.



Мен депутат мансабында атқарар жұмыстарды қазір де атқара аламын. Бірақ заңдылық керек. Мен баспана мәселесінде көптеген шикіліктерді көрем, шикі заңдарды көрем. Небір алаяқтықтар бар. Соны заңи тұрғыда реттесек деп ойладым. Себебі заңсыз ешнәрсе бітпейді. Екіншіден, білім саласында жұмыс атқаруды қаладым. Нұр-Отанның жеңісін бақталастық де қарамаймын. Егер мен құрметтейтін азамат жеңіске жетсе, не себепті мен оны құттықтай алмаймын? Мұны адамгершілікке салу керек. Жеңілісті мойындай білу керек. Ол да өнер. Біздің партияның төрағасы Нұр Отан партиясын құттықтады. Бірақ оны сатқындық деп санамаймын

Мені Нұр Отанның адамы, сатқын, ақша алып отыр деп айыптағандар бар. Тіпті, "сайлауға қатысқаның үшін 20 миллион теңге алыпсың ғой" деді. Мен "Адалдан" ақша алған жоқпын. Партия шығынымызды өтеді. Бұл жерде пайда табу көзі мақсатымыз емес еді", - деді Мұқаев.

Мұқаев қазіргі жүйеге көңілі толмайды. Бейбіт митингілер ешнәрсе өзгерте алмайды деген пікірде. 

"Митингіге шығу, басқа әрекеттер бұл ешнәрсе өзгертпейді. Жүйе өзгеруі керек. Жүйенің басында елбасы, президент тұр. Министрлер бекітілгенде де "баяғы жартас, сол жартас" деп пост жаздым. Себебі, өзгеріс жоқ. Бәрі бұрынғы министрлер. Менің пікірім - кемпір-шалдар орнын босату керек деп санаймын. Жанболат Мамай бастаған митингіде оның жанындағыларды қолын байлап алып кетті. Неліктен Жанболаттың өзін алып кетпеді? Бұның өзі күлкілі жағдай. Мүмкін Мамайдың өзі сол биліктің сценарийін ойнап жүрген шығар", - деді Мұқаев. 

Дәулеттің айтуынша, бұрынғы Астана қаласының атауын Нұр-Астана деп өзгертен жөн болар еді. Дегенмен Нұр-Сұлтан атауына қарсы емес. 

"Мен елбасына сын айта алмаймын. Себебі, ол жаста емеспін. Елбасының еңбегін де жоққа шығаруға болмайды. Бір адамның жаман жағын көрсе, жаман адам деп ойлайды. Бір адамның жақсы жағын көрсе, адамдар жақсы адам деп ойлайды. Астана атауының Нұр-Сұлтан болып өзгеруіне қарсы емеспін. Бірақ халықтан сұрау керек еді деп ойлаймын. Қандай да бір жолмен халықтың ойын білу керек еді. Маған Нұр-Сұлтан атауынан да Нұр-Астана атауы ұнайды", - деді ол. 

Блогердің айлық жалақысы 1 миллион теңгеден астам. Өзінің айтуынша, ол халықтан алатын ақшасы.

"Мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен жарнама үшін ақша алмаймын. Басшылықтан сұрап көргенмін. Бірақ мені қолдамады. "Бұл өз таңдауың. Жарнама жасасаң да, жасамасаң да ешкім ешнәрсе демейді" деді. Өзімнің сабақтарым бар, жарнамаларыма түсетін табыс бар. 72 компаниямен келісім-шартымыз бар. Солайша ай сайын 1 миллион теңгеден астам ақша аламын. Керісінше бұл банкке ризамын. Соның көмегімен мен танымал болдым", - деді Мұқаев. 

Талқылау