"Ел экономикасын тығырыққа тіреуі мүмкін": Әлемде биткоин мен мұнай бағасы арзандады
Қор нарығында мұнай баррелі 75 долларға дейін төмендесе, биткоин 18%-ға құнсызданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Азияда қор индекстері мен технологиялық қорлар күрт төмендеді. Жапондық және корейлік индекстердің де құлдырау себебінен америкалық қор нарығында дағдарыс орнады. Алайда отандық қаржыгерлердің айтуынша, бұл құбылыстан елімізге келіп-кетері жоқ.
“Биткоиннің арзандауы Қазақстанға еш әсер етпейді. Мейлі оның құны 0-ге түсіп кетсе де, теңге оған тәуелді емес. Ал мұнай бағасының құлдырауынан әзірге қауіп жоқ. Бірақ қара алтын арзан бағада қалып қойса, ел экономикасын тығырыққа тіреуі мүмкін. Дегенмен қазір әлем бойынша акциялар мен бағалардың төмендеуі уақытша дүние ғана. Оны дағдарыс деп айтуға келмейді”, – дейді экономист Расул Рысмамбетов.
Сарапшылардың айтуынша, қазір теңгенің одан әрі құлдырауына әкелетіндей себеп жоқ. Осы жаздың басынан бері теңге қатты әлсіреді. Экономистер оған Ұлттық қордағы теңге сатылымының төмендеуі себеп болған дейді. Десе де мамандардың болжамына сәйкес тамыз айынан бастап ұлттық валюта қайта күшейеді.
“Осы жылдың аяғына дейін Ұлттық қордан түсетін трансферлер деңгейін 5 триллион теңге болады деп болжап отырмыз. Сәйкесінше осы трансферлерді жүзеге асыру үшін Ұлттық банк Ұлттық қордан қаражат, валюта айырбастауды күшейтеді. Бұл өз кезегінде теңге бағамының күшеюіне алып келуі тиіс”, – дейді қаржыгер Санжар Қалдаров.
Сарапшылар жыл соңына қарай теңгенің 1 долларға шаққандағы құны 465 теңге болады деп болжап отыр. Еске салайық, АҚШ долларының бағамы қазіргі уақытта 477 мен 478 теңгеге тең болып тұр.
Бұған дейін Шымкентте заңсыз майнинг фермасын ұйымдастырғандар ұсталған еді.