"Басқа елдердің саясаткерлерімен кездесуге құқығы бар": Сенат төрағасы Әшімбаев Назарбаевтың Мәскеуге сапары туралы айтты
Фото: elbasy.kz
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге сапарына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сенат кулуарында Мәулен Әшімбаев бірінші президенттің Мәскеуге сапарының жеке сипатта болғанын және "ешқандай ресми мәртебесі болмағанын" атап өтті.
"Экс-президенттердің баруға, басқа елдердің саясаткерлерімен кездесуге құқығы бар, бірақ мұның бәрі жеке іс-шаралар аясында өтеді. Тұңғыш президентте ешқандай мәртебе немесе өкілеттік жоқ.
Еліміздің мемлекеттік саясатына, сыртқы саяси стратегиясына қатысты барлық мәселені, барлық өкілеттікті мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев іске асырады. Біздің президент пен Ресей басшылығы, Ресей президенті Владимир Владимирович Путин үнемі байланыста екенін, үнемі кездесіп, телефон арқылы сөйлесіп, қарым-қатынасымызды одан әрі нығайтуға күш салып жатқанын білесіздер", – деді сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Оның пікірінше, жеке кездесулерге аса мән бермеу керек.
Еске салсақ, таяуда Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен жеке кездесу өткізді. Кейін Қазақстанның экс-президентінің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге сапары бейресми және жеке сипатта болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұрынғы президент тек Ресей басшысымен емес, Түркия, Қытай, БАӘ, Өзбекстан, Беларусь және басқа да елдердің өкілдерімен телефон арқылы сөйлесіп, хат алмасып, жеке кездесулер өткізеді.