Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Экс-дипломат Сәкен Мамаш әйелін азаптағаны үшін 6 жылға сотталды

мамаш сотталды

Фото: Stan.kz

БАӘ-дегі Қазақстан елшілігінің бұрынғы кеңесшісі Сәкен Мамаш 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жәбірленуші Карина Мамаш бұрынғы күйеуі Сәкен Мамашты өзін соққыға жығып, қорлады, зорлық-зомбылық жасады деп айыптады. Осыған байланысты Сәкен Мамаш Қазақстанға шақыртылған еді.

Іс жәбірленушінің өтініші бойынша жабық режимде қаралды. Карина Мамаш балаларының отбасындағы интимдік жайттар туралы білмес үшін соттың жабық режимде өтуін қалаған. 

“Сот үкімімен Мамаш қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы (Азаптау) бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды және оған орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ Сәкен Мамаш дипломатиялық қызметінен де айырылды.

Сәкен Мамаш пен Карина Мамаш 2014 жылдан бастап заңды некеге тұрған. Ортақ некеден 2 бала бар. Жәбірленуші үй шаруасындағы әйел еді. Ол дипломаттың жұбайы ретінде жәрдемақы алған, алайда, бұл қаражатты күйеуі өзі алып отырған. Сот анықтағандай, Сотталушы жәбірленушіге туыстары және құрбыларымен араласуға тыйым салған, оның қоңыраулары мен хат-хабарларын, жүріс-тұрысын бақылап отырған. Жалған қызғаныштың негізінде, сотталушы 2019–2024 жылдар аралығында, Астанада және кейіннен БАӘ, Абу-Дабиде жүрген кезінде жүйелі түрде күш қолданған, яғни жұдырықпен денесінің түрлі жерлеріне және басына дене жарақаттарын салған.

Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, сараптамалық қорытындылармен, бейнежазбалармен, скриншоттармен және өзге де істің материалдарымен дәлелденді. Прокурор сотталушыны 6 жылға, жәбірленуші тарап 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал сотталушы кінәсін мойындамады. Керісінше, қорғаушы тарап қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ақтауды сұрады.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін дипломаттың әйелі Карина Мамаш 5 мамырда Сәкен Мамаш үйіне қонаққа келген әпкесі мен оны ұрып-соққанын айтқан еді. Осыдан кейін сыртқы істер министрлігі Біріккен араб әмірліктері дипломатын тұрмыстық зорлық-зомбылық жасады деген айыппен Қазақстанға шақырып алды. 9 мамырда әйел Астанаға оралды. Қауіпсіздік үшін Карина балаларымен бірге дағдарыс орталығына орналасты. Шенеуніктің әйелі күйеуінен 10 жылдан бері зәбір көріп келе жатқанын айтып, көмек сұраған еді.

Айым Болатқызы
Жұма, 18 Шілде, 2025 15:45
Талқылау