Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Экономиканың өсуі һәм инфляцияның баяулауы: Қазақстан үкіметі жылдың экономикалық қорытындысын жариялады

Үкімет Қазақстан экономикасы бойынша жыл қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Қазақстан үкіметі ел экономикасы бойынша 2023 жылды қорытындылап, президенттің тапсырмаларының орындалу барысы мен дағдарысқа қарсы шараларды еске салды. Мәліметтерде ел экономикасы сыртқы жағдайларға сәтті бейімделіп, биыл орнықты өсу траекториясына шыққаны айтылады.

Ақпаратқа қарағанда, қаңтар-қараша айларының қорытындысына сәйкес экономиканың өсуі 4,9%-ды құраса, өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 2,7%-ды құраған. Жалпы республика бойынша жан басына шаққандағы ЖІӨ $11,5 мыңнан $13,3 мыңға дейін өскен.

“Жылдық мәндегі инфляция қарашада 2022 жылғы желтоқсандағы 20,3%-дан 10,3%-ға дейін төмендеді. Бұған жедел және орта мерзімді 90 қадамды қамтитын тиісті шаралар кешенін жүзеге асырудың нәтижесінде қол жеткізілді.

6 айдың қорытындысына сәйкес $13,3 млрд тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Сондай-ақ орта мерзімді кезеңде экономикалық өсуді қолдауға кепілдік береді. Жыл қорытындысы бойынша ТШИ шамамен $27 млрд деңгейіне жеткізу жоспарланған.

Экономиканың барлық салаларында жалпы құны 967,7 млрд теңгені құрайтын 210 жаңа инвестициялық жоба іске қосылды. Ол 19,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.  Жалпы жыл қорытындысы бойынша 1,6 трлн теңгеге 291 жоба пайдалануға беріледі деп күтілуде”, – дейді үкімет.

Биыл Қазақстан $65 млрд-тың өнімін экспорттаған, сонымен бірге өңделген тауарлардың экспорты $21 млрд-қа жетті.

“IMD әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингінде Қазақстан өткен жылмен салыстырғанда 6 тармаққа көтеріліп, әлемнің 64 елінің ішінен 37-ші орынға ие болды. Рейтингті дайындау үдерісінде экономикалық қызмет, Үкіметтің тиімділігі, бизнес пен инфрақұрылымның тиімділігі сияқты бағыттар бойынша кешенді зерттеу жүргізіледі.



Іскерлік ахуалды және бизнесті жүргізу жағдайларын жақсарту бойыншажаңа бастамалар жүзеге асырылды. Осылайша ірі инвесторлармен жеке шарттарда келісімдер жасауға мүмкіндік беретін инвестициялық келісімдербойынша қосымша тетіктер енгізілді. Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасау кезінде салық заңнамасының тұрақтылығына 10 жылға кепілдік беріледі”, – делінген ақпаратта.

Сондай-ақ үкімет "Қарапайым заттар экономикасы" кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша шарттар жетілдірілгенін: өңдеу өнеркәсібінің қосымша түрлері енгізілгенін; субсидиялау мерзімі 7 жылға дейін ұзартылған экономиканың 20 негізгі секторының тізбесі анықталғанын; әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін қосымша қолдау шаралары енгізілгенін атап өтті.

“10 мың артық бизнес талаптары алынып тасталды. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап тағы 1 мың талап алынып тасталады. 

Тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру жұмыстары аяқталды. Бұл 2024 жылдан бастап кәсіпкерлікті тексеру санын 2 есеге қысқартуға мүмкіндік береді. Жүйені пайдалану кезінде адам факторы толығымен алынып тасталады.

Жалпы, мемлекет қабылдаған шаралар ШОБ өнімін шығаруды 2022 жылдың 6 айында 23 трлн теңгеден осы жылдың сәйкес кезеңінде 29 трлн теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік берді. ШОБ саласында жұмыспен қамтылған азаматтардың саны 500 мыңға өсіп, 4,3 млн адамды құрап отыр. Бұл ретте елдің ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 36,4%-ға жетті. 

Экономиканы монополиядан арылту жөніндегі комиссия жұмысы басталғаннан бері республикалық және коммуналдық меншікке 15 компания, 7 ғимарат, 160-тан астам теміржол мен құрылыстар және басқа да мүліктердің (2 мың бірліктен астам) акциялар пакеті мен қатысу үлестері қабылданды.

Сонымен қатар "Қазақстан халқына" қоғамдық қорына 1 млрд теңге көлемінде қаражат жіберілді. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына шамамен 2 млрд теңге бағытталды”, – делінген үкімет таратқан ақпаратта.

Талқылау