Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Экология министрлігі Балқаш көлінің тартылып бара жатқанын болжады

Балқаш көлі 2040 жылға дейін қатерлі деңгейге жетуі мүмкін. Мұндай болжаммен ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мамандары бөлісті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

балкаш

Ведомствода Қытаймен су қабылдауды ескере отырып, көл деңгейлерін модельдеу жұмыстарын жүргізгенін айтып өтті. Нәтижелер суды тұтынудың қазіргі деңгейінде және оның болашақта үш шақырым текшеге дейін ұлғаюы мүмкін болған жағдайда, әсіресе тау мұздықтарының қарқынды деградациясы Балқаш көлінің деңгейі 341 метрге сыни белгіден төмен түсетінін көрсеткен.

"Балқаш көлінің тартылуынан жағымсыз салдарлар болуы мүмкін: сулы-батпақты алқаптардың едәуір бөлігінің құрғауы және жойылуы; жабайы жануарлардың қоныс аудару жолдарының жойылуы, әсіресе су маңындағы жануарлардың миграциясының өзгеруі, климаттың өзгеруі; аймақтың флорасы мен фаунасының жоғалуы; бүкіл көл жүйесінің бұзылуы; Балқаш көлінің батыс тұщы бөлігінің тұздануы тұщы суда тіршілік ететін көптеген балық түрлерінің қырылуына әкелуі мүмкін", - деп ескертті ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі.

Мұның барлығы жануарлардың жойылу қаупіне алып келуі ықтимал. Мысалы үшін, Балқаш өңірінде құстардың 120 түрі мекендейді, оның 12 түрі Қызыл кітапқа енгізілген. Сонымен қатар бұл жерде жолбарысты реинтродукциялау да жоспарланып отыр. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету мәселесі де ушығуы мүмкін.



"Туындаған мәселеге байланысты департамент Балқаш көлін сақтау жоспарын бекітті. Суармалы сумен қамтамасыз ету бойынша "Қазводхоз" РМК мамандарымен үлкен жұмыстар атқарылуда. Шеңгелді массивін ауыз сумен және суармалы сумен қамтамасыз ету үшін ұзындығы 1,5 шақырым болатын қосымша су құбыры тартылды. Сонымен бірге Іле атырауындағы суды тұтыну көлемін жылына 1 километр текшеге дейін азайту үшін Іле өзенінің төменгі ағысында су электр станциясынан шамамен 25 шақырым қашықтықта "Кербұлақ" қарсы реттеуші құрылымы тұрғызылады. Сыйымдылығы 100 миллион текше метрден аспайтын қарсы реттеуші су қоймасы негізінен өзен арнасында орналасатын болады. Кербұлақ қарсы реттегішінің құрылысы аяқталғаннан кейін өзен жағалауын абаттандыру бойынша суару және құрғату жұмыстарын жүргізу мүмкін болады, бұл оны арналық фазада ұстауға және оның су тұтыну көлемін жылына 1 текше шақырымға дейін азайтуға мүмкіндік береді", - деді министрлікте.

Сондай-ақ Экология министрлігі ауыл шаруашылығының қажеттіліктеріне негізгі суын тұтынатын Қытаймен арадағы Балқаштың тартылу мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты.

"Қазіргі уақытта аспан асты елімен су шаруашылығы ынтымақтастығы мәселелеріндегі басты мәселе трансшекаралық өзендердің су ресурстарын бөлудің нормативтік-құқықтық базасының жоқтығы болып табылады. Сонымен бірге, мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтардың арқасында трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау жөніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен комиссиясы жанынан Су туралы келісімнің жобасын зерделеу және келісу бойынша арнайы жұмыс тобы еңбек етуде. Су бөлу жөніндегі келіссөздердің негізгі мақсаты – ұзақ мерзімді перспективада Қазақстанның мүдделеріне сай келетін су бөлу туралы келісімге қол жеткізу", - деп қосты ведомствода.

Талқылау