Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Экология министрлігі аңшылардан тазы тұқымына берілген патентті сот арқылы қайтарып алды

Астанадағы сот Экология министрлігі мен "Қазақстан кинологтар одағы" көтерген талапты қанағаттандырды. Осылайша "Қансонар" республикалық аңшылар қауымдастығы иеленген тазы ит тұқымына берілген патент жарамсыз деп танылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pet-yes.com

Астана қаласының мамандандырылған экономикалық соты мәлімдегендей, 2024 жылдың соңында қауымдастық "қазақы тазы" ит тұқымы бойынша селекциялық жетістікке патент алған. Қарапайым тілмен айтқанда, аңшылар бұл ит тұқымын өздері шығарғанын растайтын құжатқа ие болған. Алайда кинологтар одағы мен министрлік бұған келіспеген.

Сот істі қарастырып, тазы – ежелден келе жатқан қазақы ит тұқымы екенін және оған Қазақстан бұрыннан құқық иеленгенін анықтады. 2023 жылы Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) бұл шешімді ресми түрде бекіткен. Тазы – жаңа тұқым емес, сондықтан оны аңшылық қауымдастықтары жаңадан шығара алмайды.

"Қансонар" қауымдастығы алған патент оларға тазыны өсіру және сату бойынша ерекше құқық беріп, еліміздегі басқа да өсірушілерге бұл мүмкіндікті шектейтін еді. Бұл жағдай тазы тұқымының дамуы мен таралуына кедергі келтіріп, "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" заңға қайшы деп танылды.

Сот аңшылар алған патентті жойды. Енді тазыға қатысты барлық құқық мемлекетке тиесілі. Бұл шешім әзірге заңды күшіне енген жоқ.



Еске салайық, былтыр президент Тоқаев Францияға мемлекеттік сапармен барды. Сол кезде Елисей сарайының бағында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эммануэль Макрон бейресми әңгіме өткізіп, Тоқаев Франция президентіне сыйға тартқан тазы иттерімен серуендеген

Талқылау