Экология министрі Қазақстандағы тұмша мәселесін шешу үшін бес жыл күте тұруды сұрады
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстандағы ауа сапасы 3-5 жылда жақсаратынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik
Министрдің айтуынша, тұмшаның пайда болуына зауыттар ғана кінәлі емес. Басқа да себептер бар, дейді.
Журналистер Экология министрінен Қазақстанда тұмша мәселесі қашан шешілетінін және депутаттардың зауыттарға фильтр орнатуды міндеттеу ұсынысы туралы не ойлайтынын сұрады.
Нысанбаевтың сөзінше, түтіннің пайда болуына тек өндірістік нысандар ғана емес, көптеген себептер бар.
"Қазіргі уақытта көлік көлемі артты, шаруашылықтар мен жеке сектор көбейді. Қазіргі уақытта тұмшаның алдын алу жұмыстары басталып кетті. Мысалы, Алматыда жеке сектор тұтастай газға қосылған. Астанада жұмыс өте қарқынды жүргізіліп жатыр. Бірақ ертең немесе бүгін тұмша тұтастай жоқ болады деу... мұнда көптеген факторлар бар. Біз мәселемен жұмыс істеп жатырмыз. Әлі де қалалардың жағдайын жақсарта аламыз деп үміттенемін”, – деді министр.
Министр мәселенің қай уақытта шешімін табатынын нақты айта алмайтынын жеткізді.
"Нақты айта алмаймын. Жарайды айтайын, 3-5 жылда жағдай өзгереді. "Мен бұған сенімдімін", – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Өскеменде ауа ластануына байланысты мектеп оқушылары қашықтан оқуға көшкені туралы жазған едік.