
Мәжіліс кулуарында Экология және табиғи ресурстар министрлігінің басшысы Нұрлан Нысанбаев Қазақстанда бәйшешек пен сирек кездесетін қызғалдақтарды жұлғандарға жаза қарастырылғанын ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Нұрлан Нысанбаев қазақстандықтарды табиғатты сақтауға шақырды.
“Біздің елде қызғалдақтар мен бәйшешектерді жұлғандар қатаң жазаланады. Бұл өсімдіктерді жұлуға кеңес бермеймін. Олар аз қалды, бұл өсімдіктердің тізімге енгені де сондықтан. Әлемде күн сайын немесе әр жылы көптеген өсімдіктер мен жануарлардың түрлері жоғалып жатыр. Кез келген өсімдік пен жануар түрінің жоғалуының салдары әлі толық зерттелмеген. Бірақ ол қайтымсыз, теріс салдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан табиғатты сақтаңыздар”, – деді экология министрі Нұрлан Нысанбаев.
Оның сөзінше, Қазақстандағы сирек кездесетін өсімдіктердің тізімінде өсімдіктің мыңдаған түрі бар. Бәйшешек те сирек кездесетін өсімдіктер қатарына жатады.
“Сирек кездесетін, жойылып кету қаупі бар өсімдіктерді жұлуға болмайды, бәйшешектер де жойылып кету қаупі бар өсімдіктерге жатады”, – деді министр.