Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Екіжүзділікке жатпайды: Отандық жұлдыздар басқа кезде жалаңаштанса да, оразада орамал таққан қыз-келіншектерді жақтап шықты

Айлардың сұлтаны Рамазан басталды. Оразаның бір аптасы көзді-ашып жұмғанша өте қалды. Бұл аралықта инстаграмдағы өнер адамдарының фото-есептері де өзгерген. Бұрын ашық-шашық суреттерін жүктейтін кей танымал адамдар енді имани әңгіме жазып, орамал тағып, ауызашардан естеліктерін қалдыруда. Әрине, қуанарлықтай. Алайда, тек Оразада жабынып, имани әңгіме айту қаншалықты дұрыс?

Екіжүзділікке жатпайды: Отандық жұлдыздар басқа кезде жалаңаштанса да, оразада орамал таққан қыз-келіншектерді жақтап шықты

Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі бір топ өнер жұлдыздарының пікірін сұрап білді.

Біздің сауалнамаға ең алғаш болып «Жігіттер» квартетінің әншісі Ердос Қанаев жауап берді. Әнші 2007 жылдан бастап Ораза ұстайды екен. Әр Оразаның өз нығметі бар екеніне кәміл сенетін Ердос әріптестерінің бұл қылығын Рамазанға құрмет деп біледі:

«Иә, алғаш рет 2007 жылы Бейбіт Кушкалиев бауырымды жұма күні кіші Қажылыққа шығарып салып, сол күні ауыз бекіткен едім. Әлі есімде. Содан бері әр Оразадан жан тыныштығы мен рухани байлық жинап келемін. Сіз сұрап отырған мәселені екіжүзділікке балағым келмейді. Күнде ауызашарға барған кезде әпке-қарындастарымыз бастарына ақжаулықтарын тағып келген кезде қуанамын. Себебі, бұл Рамазанға құрмет».
Ердостың пікірін әнші Индира Расылхан да құптайды.

«Иман – ол Алланың құзырындағы дүние. Біреуге – ерте, ал біреуге – кеш келеді. Рамазан айында инстаграм парақшаларына иманға толы әңгіме салып, мүмкіндігінше жабық киініп, садақа берген фотосуреттермен толтырса ол жерде де бір хайыр бар. Қазір танымалдылығы аздау деген өнер адамының өзінде 100 000-нан астам инста-оқырманы бар. Яғни, сол жүз мың адам Рамазан бойы жүрекке тыныштық беретін, пайдалы, ақылды әңгімелер оқиды, көздері орамалы жарасқан фотосуреттері көреді. Бәлкім, бір адамның намазға келуіне немесе ораза ұстауына өнер адамдары себепші болуы әбден мүмкін. Міне, сондықтан «екіжүзділік пе?» деп шошымай, қуана білу керек», – дейді әнші бикеш.

Ердоспен қатар ең алғаш рет ауыз бекіткен тағы бір азамат – Ролан Қазретов.

2007 жылы алғаш ұстаған Оразам есімде қатты қалды. Ол кезде әлі имани білімім аз болды. Сондықтан, іштей күшім жетпейтін шығар, аузымды ашып жіберетін шығармын деп ойлаған едім. Бірақ, Алланың қалауымен күш-жігерім жетті. Ол кезде әлі топ құрылмаған, жеке-жеке тойға шығатын едік. Кеште тойым болды. Тойға барып ауыз ашқан соң мұздатылған сусынның 4-5 стаканын ішіп алдым. Ертесіне тамағым бітіп, ауырып оянғаным бар. Бұл – Оразадағы ауызашардың ережелерін білмегендіктен жасаған қателік. Содан кейін біраз ізденіп, қадір-қасиеті мен тәртібін түсіндім».

Рамазан – сабырлықтың айы деп білетін Ролан өнердегі әріптестерінің Оразасын емес, қара жұмыс жасайтын азаматтардың Оразасын көпке үлгі көреді.

«Біз Оразамын деп кондиционердің астында жатамыз. Көлікпен жүреміз. Жағдайымыз оңай ғой. Ал, жолда асфальт құйып жүрген азаматтардың арасында да Ораза ұстайтындар қаншама?! Күннің ыстығына, жұмыстың қиындығына қарамастан Алла разылығы үшін ауыз бекіткен сондай жандарға Алла разы болсын. Шынымен, өзімізге де үлгі» дейді «Меломендік» сері.

Ал, Рамазаннан бөлек ашы-шашық жүретін, ақылға қонымсыз дүние жазатын адамдардың Ораза ұстауын екіжүзділікке баламайды:

«Егер біз жүз пайыз ислам мемлекеті болсақ, бұл әрекетті екіжүзділікке балауға болар еді. Ал, Қазақстанның қазіргі жағдайында екіжүзділік немесе «маска» деп кінә артуға болмайды. Рамазан айында әр адам жасаған күнәлары үшін кешірім сұрап, Аллаға жақындағысы келеді. Рамазан – кешірім мен құлшылық айы. Бәлкім, осы Оразада ауыз бекітіп, орамал таққан адамның ниеті дұрыс болса, Алла иманын арттыруы да ғажап емес. Танымал адамның жариялаған әр суреті мен жазбасына еліктеушілер көп. Әсіресе, әлеуметтік желі арқылы жақсылыққа шақырса неге жазғыру керекпіз?! Бірақ, лайым тілерім Оразадан кейін де сөздері де, киімдері де түзеліп, жақсы амалдары көбейсе екен».

Иә, бұл пікірді әнші Бейбіт Көшқалиев те қолдайды.

«Инстаграм 11 ай басқа нәрселермен толады ғой. Ең болмағанда бір ай имани, рухани дүниелерге толса қуану керек. Рамазан – ол жақсылық пен құлшылықтың, иманның биік дәрежеге көтерілетін айы. Сондықтан, оразадан өзге уақытта қалай киінеді, не жазады өздері уақыты келгенде Алла алдында жауап береді. Ал, дәл осы бақытқа толы айда жақсы амал жасаса шынымен де қуанамын», – деп ағынан жарылды Бейбіт мырза.

«Ең алғаш ораза ұстаған кездерден бастап өмірім жақсы жаққа күрт өзгерді. Еңбек етіп маңдай теріммен тапқан табысыма алғаш рет құрбандыққа мал шалып, садақа қылып таратқаным есімде. Осыдан кейін Жаратқанның өміріме, өнеріме берген берекесінің бастауы сол жылдар еді. Аллаға сансыз шүкір. Қазақта сөз бар: “Адамнан сұрағанның екі көзі шығады, Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады” – деген. Алғаш ораза ұстап, ең алғаш құрбандыққа мал шалған жылдан бастап өмірім берекелі бола бастады», – деп әңгімені алыстан бастаған Жігер Ауыпбаевтың да ойы әріптестерімен бірдей.

«Рамазан айының 30 күн оразасы 30 күндік тәрбие мектебі іспеттес қой. Бұл қасиетті айда әрбір ниет етіп ораза ұстаушы нәпсісін тиып, руxани байлыққа кенеледі. Осы керемет әсер бұл рамазаннан келесі рамазанға дейін жалғасса екен және үнемі сол әсермен жүрсе екен дейсің. Бірақ өкінішке орай нәпсі жеңіп кетіп жатады. Бұл тұрғыда ешкімді кінәләй алмайсың. Себебі ешкім періште емес. Пенде болған соң “ондай-ондай” болып тұрады. Десек те, қасиетті рамазан айы біздің жақсы жаққа қарай өзгеруімізге үлкен мүмкіндік», – деп толықтырды Жігер.

Айтпақшы, жуырда «Қалаулым» жобасының қатысушысы Замира тағы да эфирге келіп, өзінің жақсы адам екенін адамдарға дәлелдеу үшін Ораза ұстағанын мәлімдеген болатын. Бұл сөзге қатысты біраз әншілер пікір айтудан бас тартты. Тек, «Меломендік» Ролан ғана «Қалаулымды» көрмесе де, Замираны танымаса да, елді шулатқан Ораза туралы ойына қатысты қарсылығын білдірді.

«Бұл сұраққа жауап берсем, ғайбат айтқан боламын. Сондықтан, қысқаша пікір айта кетейін. Ақыры былыққа кірген екен мұндай ақталу амалдарын жасамағаны жөн. Оразаның өз шарттары бар. Ораза – адамдар үшін емес, өзін ақтап алу үшін емес, жақсы адам екенін дәлелдеу үшін емес, немесе сән көріп емес, Алла разылығы үшін ұсталады».

Алайда, Жігердің ойы сәл өзгеше. Ол біреудің құлшылығына қол сұғудан бас тартып, төртінші билік иелерінен де мұндай арзан хайп іздеушілерді жиі жарнамалауын өтінді.

«Ол да жан баласы ғой. 30 күн оразадан бөлек Құдайдың құтты күні инстаграмды ашып қалсаң Замира өйтіпті, ФБ-ны ашып қалсаң Замира бүйтіпті деген әңгіме күннен-күнге өршіп барады. Расын айтайын, осындай пайдасы жоқ ақпараттардан шаршап кеттім. Ең болмағанда байғұс қыз 30 күн оразасын тыныш ұстасыншы. Алла парыз еткеннен кейін ұстайды да. Жақтағаным емес. Құлшылығына араласпай-ақ қояйықшы.

Журналистер қауымына айтар уәжім, сол жандарды қырағы көздеріңізге ілмей-ақ қоя саласыздар-ау. Себебі қазақтың ішкі жан дүниесіне және сыртқы көрінісіне жат болған, және ентелеп ішімізге еніп келе жатқан бүліктерді xалыққа кеңінен таралуына, танылуына жол ашып беріп жатқандаймыз. Қасиетті рамазан айы мүбарак болсын. Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын!» – деген игі тілегімен сөзін аяқтады жігерлі жігіт.

Иә, Ораза – тек ас пен судан емес, сөз бен көзден, жамандық пен зұлымдықтан тыятын ай. Сондықтан, осы айда нәпсіңізге берген тыйымдарыңыз жақсылықтың жаршысы болып, жыл он екі айға жалғассын дейміз.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

 

Талқылау