“Екінші сынама бүгін Америкада ашылды”: Жәнібек Әлімханұлының менеджері мәлімдеме жасады
Фото:The ranking
WBO және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына қатысты допингке дауына оның менеджері Берік Сұлтан мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ол спортшының В сынамасы ашылғанын айтты.
Сонымен қатар бұл деректі Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков те растады.
Менеджердің айтуынша, екінші сынама АҚШ аумағында ашылған.
"Екінші сынама бүгін Америкада ашылды. Барлығы талапқа сай өтті. Біздің команда өкілдері пломбалардың ашылуына тікелей қатысты. Процестің заңды, ашық өткенін растады. Қазір сынама зертханаға жөнелтілді. Енді ресми қорытындыны күтіп отырмыз. Нәтиженің қашан дайын болатыны нақты айтылған жоқ", – деді Берік Сұлтан.
Сондай-ақ ол команданың басты ұстанымы адал спорт екенін атап өтті. Оның сөзінше, жанкүйерлер Жәнібектің тыйым салынған препараттарды қолданбағанына сенімді.
"Жанкүйерлер Жәнібектің тыйым салынған препараттарды қолданбайтынына сенеді. Өзіміз де таза спортты насихаттаймыз. Көптеген жас боксшылар Жәнібекті үлгі тұтады. Ол – кәсіби спорттың не екенін жақсы білетін, жеті жылдан бері кәсіпқой рингте жүрген чемпион. Қандай дәрумен қабылдап, қайсысын қабылдауға болмайтынын нақты біледі", – деді ол.
Берік Сұлтан команда бұған дейін де ереже бұзбағанын және болашақта да осы бағыттан таймайтынын жеткізді.
"Біз не ішуге болады, не ішуге болмайтынын жақсы білеміз. Бұрын да қолданған жоқпыз, қазір де, алдағы уақытта да қолданбаймыз", – деп мәлімдеді менеджер.
Айта кетейік, 6 желтоқсанда Жәнібек Әлімханұлы WBA чемпионы Эрисланди Ларамен үш бірдей чемпиондық белбеуді біріктіру жекпе-жегін өткізуі тиіс болған. Алайда VADA жүргізген допинг тексерісінде тыйым салынған мельдоний анықталғандықтан, айқас өтпей қалды.
Осыдан кейін Premier Boxing Champions ұйымы Жәнібектің орнына басқа қарсылас бекітілгенін хабарлады. Нәтижесінде Эрисланди Лара венесуэлалық Йохан Гонсалеспен жұдырықтасып, WBA чемпиондық атағын қорғап қалды.
Қазіргі уақытта Жәнібек Әлімханұлының командасы зертханадан шығатын ресми қорытындыны күтуде.
Шымбұлақтан да үлкен жаңа Көкжайлау тау шаңғысы курорты салынады: Жоба алматылықтар үшін не береді

