Екібастұздағы мейрамхана қожайыны жаппай уланған адамдарға 5 миллион теңгеден астам ақша төлеуге міндеттелді
Екібастұз қалалық соты қыз ұзату тойында уланып қалған мейрамхана қонақтарының шағымна қатысты шешім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay
Зардап шегушілер келтірілген шығынды өтеуді талап еткен. Сот оларды ішінара қанағаттандырып, мекеме иесін 5,3 миллион теңге төлеуге міндеттеді.
Екібастұз қалалық сотының шешімінде небәрі 18 адам арыз бергені көрсетілген.
Сот мәліметінше, 2024 жылдың сәуір айында дәрігерлер Екібастұз, Павлодар, Астана, Қарағанды және Баянауыл ауданының тұрғындарына, барлығы 94 мейрамхана келушісіне уланған деген диагноз қойған.
“Кейінгі сараптамалардың нәтижелері де көрсетілді. Этиологиялық фактор Salmonella enteritidis, Staphylococcus aureus болды. Инфекцияның таралу жолы – тамақ арқылы. Жұқтырудың күдікті факторы – мейрамхана қызметкерлері. Аспазда және даяшыларда алтын түсті стафилококк анықталды. Ал әкімшіде Salmonella enteritidis табылды. Сондай-ақ азық-түлік өнімдерінде "Маринадталған қияр қосылған ет салаты" үлгілерінде алтын түсті стафилококк, "Күріш пен пісірілген картоптан жасалған гарнир" үлгісінде Salmonella enteritidis табылды. Антибиограмма нәтижелері бойынша "Гарнир күріш және пісірілген картоп" тағамдық өнімінің үлгісінен және мейрамхана қызметкерлерінен бөлінген Salmonella enteritidis анықталды. "Мұздатылған сиыр тілі" және "Маринадталған қияр қосылған ет салаты" азық-түлік өнімдерінің үлгілерінен алтын түсті стафилококк анықталды", – делінген сот қаулысында.
Нәтижесінде сот, мейрамхана иесін жалпы сомасы 5 миллион теңгеден астам материалдық және моральдық шығынды өтеуге міндеттеді.
Айта кетейік, бұған дейін Екібастұзда жаппай улану салдарынан 32 адам ауруханаға түскені туралы жазған едік. 2024 жылдың 13 сәуірінде 200 адамға арналған қыз ұзату тойы өт кізілген. Салдарынан келген қонақтардң 30-дан астамы уланған.