“Екі жыл қорқытқан”: БҚО және Қостанай облысында буллинг жасаған балалардың ата-анасы жазаланды
Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында аулада және мектепте бұзақылық жасаған екі жасөспірімнің ата-анасына қатысты судьялар шешім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Орал қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған сотында 10 жасар Г-ны қорқытып, ақшасын тартып алған 13 жасар Р-дың анасына қатысты әкімшілік іс қаралды.
БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Р-дың анасы сотта баласының Г-ны ұрып-соққанын, ұлымен сөйлескенін және қорлауды жоққа шығарғанын растады.
Г-ның анасының айтуынша, ұлын қорқыту әрекеті 2 жылға жуық уақытқа созылған, баласы қорқып қалған, ұзақ уақыт бойы өзін қорқытқан баланың атын айтпаған. Ол татуласудан үзілді-кесілді бас тартты.
Р-дың қорлау фактісі сот залында әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада белгіленген мән-жайлармен, жәбірленушінің арызымен, куәлар мен куәгерлердің жазбаша түсініктемелерімен және істің басқа материалдарымен расталды.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі “Буллинг, кибербуллинг” бабы бойынша жауаптылық ескерту жасауға немесе 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
"Сот Р-дың анасына әкімшілік жаза тағайындау кезінде оның асырауында кәмелетке толмаған үш баласы барын, жұмысының жоқтығын және тұрақты табысының болмауын, жауаптылықты ауырлататын мән-жайлардың анықталмағанын ескерді. Сот Р-дың анасын кодекстің 127-2-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, оған әкімшілік жаза – ескерту тағайындады. Қаулы заңды күшіне енген жоқ", – деп хабарлады ведомстводан.
Дәл осыған ұқсас жағдай Қостанай облысында тіркелген. Б.Майлин атындағы аудандық сотында ӘҚБтК-нің 127-2-бабының 3-бөлігімен осыған ұқсас әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды. Қызға буллинг жасаған кәмелетке толмаған баланың ата-анасы жазаланды.
Мектепте жасөспірім оқушы қызды жүйелі түрде қорлап, қорқытып, келемеждегені анықталды.
Сотта С-ның әкесі өз кінәсін толық мойындап, ұлымен болған әңгімені баяндады.
Ата-анасына баласының жөнсіз мінез-құлқы туралы бұған дейін де ауызша ескерту жасалғанын ескеріп, сот 25 мың 800 теңге айыппұл салды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Шығыс Қазақстанда жасөспірімдер оқушы қызды ұрып-соғып, кешірім сұрауға мәжбүрлегенін жаздық. Оқушыны бопсалап тұрған үш қыздың бірі видео түсіріп тұр. Қалған екеуі темекі тартып, қызға аузына келгенін айтып, тіл тигізді.