Екі жасында шашы ағарып кеткен: Қарағандыда бала асырап алғандарға қатысты сот болып жатыр
Фото: Видеодан кадр
Қарағандыда нәрестелерді сату-сатып алу ісі бойынша сот процесі жүріп жатыр. Сотқа балалардың биологиялық анасы, перзентхана медбикесі және екі ерлі-зайыпты тартылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Сәбилерді сату-сатып алу ісі бойынша қозғалған қылмыстық іс 3 жастағы қыз бала мен 2-ге таяп қалған екі баланың өмірін шырғалаңға айналдырды. Олардың туған анасы аудандардың бірінде тұрады, көпбалалы ана болып саналады, көп жыл бұрын жесір қалған. Бірақ 2022 жылы ол бала көтеріп, баласын перзентсіз жұпқа берген. Бұған қалалық перзентхананың медбикесі көмектескен. Бір жарым жылдан кейін де сол оқиға қайталанып, бұл жолы басқа отбасыға ұл бала беріледі.
Бастапқыда тергеу бала асырап алған ерлі-зайыпты сәби үшін туған анасына 3 миллион теңге төлеген деп мәлімдегенімен, кейін бұл бап "сыйға тарту" бабына ауыстырылған.
"Туа біткен ауруы жоқ баланы асырап алу қиын екенін білемін. Бұл ретте қолданыстағы заңнама баланы перзентхана мекемелеріне тастап кету, кейіннен балалар үйіне тіркеу, есепке қою, оларды кейін асырап алу тәртібін айқындайды. Бұл механизм өзінің жас азаматтарының құқығын қорғауға міндетті мемлекетке жаңа туған нәрестелердің құқығын мемлекеттік органдар арқылы барынша қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – дейді мемлекеттік айыптаушы Нұрбек Кұзбақов.
Екі жағдайда да бір схема қолданылған: "Әке" бағанына болашақ асырап алушының аты енгізілген. Бұл ретте, сотта айтылғандай, жалған ДНҚ сараптамасы қолданылған. Ерлі-зайыптының бірі мен перзентхана медбикесі кінәсін мойындамай отыр. Олар ережені айналып өтсе де, баланың қамын ойладық дейді.
"Ол баланы жайдан жай тапсырып қойған жоқ, оның бала балалар үйіне тапсырылмасын, баршылықта өссін, жақсы тәрбие алсын деген талаптары болған. Біздің жағдайда мұны әлеуметтік мақсат деп атар едім", – дейді адвокат Алмас Абдақасов.
Қызды асырап алған ерлі-зайыпты заң бұзғандарын мойындап отыр. Олар бала тәрбиесімен айналысу үшін соттың аяқталуын күтіп жүр. 9 айға созылған тергеу барысында қыз бейімдеу орталығына орналастырылған. Айтуынша, онда кішкентай қыздың шашына ақ түскен. Сондықтан сот үкімі шыққанға дейін қыз бала асырап алған анасына қайтарылды.
"Бала мейірімге бөленіп өсті. Сондықтан мұндай ауыр жағдай оған орны толмас зиян келтірді. Маман құқық қорғау органдары мен сәбилер үйі басшылығының біліксіз әрекеті қыздың психикалық дамуына үлкен соққы болғанын айтты. Психолог: "Баланың 2 жасында шашы ағарып, ана тілін ұмытып қалуы үшін не жағдай болуы керек еді?" деп жазады. Баланы қорлап, жазалаған деген күдік бар", – дейді адвокат Ирина Маленко.
Айыпталушылар балалар үйінде ұзақ жылдар кезекте тұрғанын, ЭКО және басқа да түрлі бағдарламаларға қатысқанын айтады. Бірақ одан еш нәтиже болмаған. Прокурор кінәсін мойындаған бір отбасы мен балаларды берген әйелге 8 жыл шартты жаза, ал өзіне шаң жуытпаған екінші ерлі-зайыпты мен бала асырап алуға араағайындық жасаған мейірбикені 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

"Күйеуім бала көтертпеу үшін вазэктомия жасатты": Екі баласымен корей азаматына күйеуге шыққан әйелдің өмірі қалай өзгерді
