Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Екі ай бойы жалақы алмаған астаналық қоқыс полигонының қызметкерлері жұмысқа шықпай қойды

қоқысс полигоны қызметкерлеріФото: Видеодан скрин

Астанада қоқыс полигонының қызметкерлері жалақының төленбеуіне байланысты жұмысқа шықпай, полигонға кіреберіс жолды жапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес Астанадағы қоқыс полигонының бірқатар қызметкері жұмысқа шықпаған. Жұмысшылардың айтуынша, еңбекақы мөлшері төмен әрі соңғы екі ай бойы жалақы төленбеген.

Сондай-ақ полигон қызметкерлері зейнетақы жарналарының бірнеше жыл бойы аударылмағанын мәлімдеп жатыр. Осыған байланысты олар халықтан және жауапты мемлекеттік органдардан көмек сұрап отыр.

Қазіргі қызметкерлер қоқыс полигонына кіреберіс жолды жауып, қоқыс төгуге келген арнайы техникалардың ішке кіруіне мүмкіндік бермеген. 

Stan.kz Астана әкімдігіне осы мәселеге қатысты сауал жолдады. Астана әкімдігі 2026 жылғы 2 ақпанда жеке меншік кешен аумағында еңбек дауы болғанын растады.

“Аталған кәсіпорын жеке бизнестің дербес субъектісі ретінде жұмыс істейді. Жиналыстың өтуіне жұмыс беруші тарапынан желтоқсан және қаңтар айларындағы жалақының кешіктірілуі себеп болған. Бұл жағдай компанияның ішкі уақытша қаржылық міндеттемелеріне байланысты болған. Қазір кәсіпорын аталған қаржылық шектеулерді жою және қызметкерлерге еңбекақы төлеуді қайта бастау үшін қажетті шараларды қабылдап жатыр”, – деп жауап берді Астана әкімдігі.



Еске салайық, бұған Алматыда мемлекеттік мекемелерді салған жұмысшылар төрт ай бойы жалақы алмағанын жазған едік. Құрылысшылар түрлі мемлекеттік мекемелердің бой көтеруіне жұмыс істеген. Ауыр жұмысты атқарғандар төрт айдан бері жалақыны ұмытқан. Соның кесірінен қарызға батып, бүгіннен бастап жұмысқа шығудан бас тартты. 

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 03 Ақпан, 2026 14:42