Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

eGov.kz порталына кіру тәртібі өзгерді: 1414-тен SMS код керек

eGov.kz порталына кіру тәртібі өзгерді: 1414-тен SMS код керек

Фото: eGov.kz

Енді eGov.kz порталына электрондық цифрлық қолтаңбамен кіру үшін азамат жеке тұлғасын қосымша растау керек. Қазан айынан бастап eGov.kz порталы мен оның сервистерінің, соның ішінде eOtinish және “Ашық үкімет” жүйелерінің пайдаланушылары жаңартылған тәсілмен авторизациядан өтеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Азамат порталға ЭЦҚ арқылы кіргеннен кейін пайдаланушы жеке басын 1414 қысқа нөмірінен келетін SMS-код арқылы қосымша растауы керек. “Ұлттық ақпараттық технологиялар” АҚ мәліметінше, бұл екінші кезеңі бөгде адам ЭЦҚ-ға қол жеткізген күннің өзінде рұқсатсыз кірудің алдын алуға мүмкіндік береді. 

Код тек пайдаланушы өз жеке кабинетімен алдын ала байланыстырған нөмірге ғана жіберіледі. Егер нөмір тіркелмеген болса, SMS хабарлама келмейді. Ал шетелде жүргендерге 1414 нөмірінен хабарламалар тек халықаралық роуминг қосылған жағдайда ғана жетеді.

SMS-кодтың орнына eGov Mobile қосымшасын пайдалануға болады. Бұл жағдайда сайттағы QR-кодты сканерлейсіз.

“ЭЦҚ-ны басқа адамдарға беруге болмайды. Электрондық қолтаңба — бұл жеке құрал және ол тек иесінің иелігінде болуы тиіс”, – дейді  “Ұлттық ақпараттық технологиялар” АҚ.

Заңды тұлға атынан құжаттарға тек ұйым басшысы немесе ресми сенімхат алған қызметкер қол қоя алады, бірақ әрқайсысы өзінің жеке ЭЦҚ-сын қолдануға міндетті. Сенімхат өкілеттікті растайды, бірақ электрондық кілттің өзін алмастырмайды.

ЭЦҚ-ны дұрыс пайдаланбағаны үшін әкімшілік айыппұлдар қарастырылған:

  1. Жеке тұлғаларға – 50 АЕК (196 600 теңге);
  2. Лауазымды тұлғаларға, шағын бизнес пен ҮЕҰ-ларға – 100 АЕК;
  3. Орта бизнеске – 150 АЕК;
  4. Ірі бизнеске – 200 АЕК.

 

Айым Болатқызы
Жұма, 10 Қазан, 2025 14:52
Талқылау