Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Егов арқылы өзгенің атына аударған": Алматылық келіншек алаяқтардың кесірінен 55 миллион теңгелік жерінен айырылған

Алматыда әйелдің 55 миллион теңгелік 10 соттық учаскесі алаяқтардың кесірінен өзгенің атына өтіп кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Видеодан скриншот

Мамандар сатып алып қойған жердің электронды құжатын тексеріп қоюды ұсынады. Себебі алаяқтар атыңызда тұрған мүлікті білдірмей басып алып, басқа адамға өткізіп жіберуі мүмкін.

Жуырда 55 миллион теңгеге сатылады деп жарияланған Алматыдағы 10 соттық учаске ұрланған болып шықты. Қаскөйлер келіншектің 17 жыл бұрын алған телімін өз аттарына аударып алып, сатуға қойған. Әйел учаскені 2008 жылы сатып алған. Телім Алматы аумағына өткенде де, 2015 жылы өз атыма қайта заңдастырдым дейді. Бірақ осыдан 10 күндей бұрын бұл 10 соттық жер Еговта өзгенің атына өтіп кетіп, 2 рет қайта рәсімделген екен.



Алматылық Лариса Исаева бұл жерді сату жөнінде ойламаған. Кезінде несиеге алып, реті келгенде үй салуды жоспарлаған. 2008-ден бері салығын да үзбей төлеп жүрдім дейді. Мүлігі қолды болғанын сайттан көрген сатып алушы хабарласқанда бірақ білген.

“Электронды үкіметте осы күнге дейін атымда тұрған жер жоғалып кеткен. Құжат бойынша мүлік басқаның атына өтіп, бар-жоғы 8 күнде 2 мәрте сатылған. Мен ешкімге жердің қағазын бермедім. Бірақ менің атымнан шетелден сенімхат жазылыпты. Жалған құжатпен меншік құқығын оп-оңай ауыстырған”, – деді жер иесі Лариса Исаева.

Полиция бұл оқиғаға қатысты "жалған құжат дайындау немесе өткізу" бойынша іс тергеп жатыр. Құзырлы органның мәліметіне сенсек, барлық күдікті анықталған. Бірақ жәбірленушінің бірде-бірі қамауға алынбады дейді. Талан-таражға түскен жерге де шектеу қойылмапты.

Заңгерлердің айтуынша, мүлік иесін нотариуссыз, халыққа қызмет көрсету орталығынсыз ауыстыру мүмкін емес.

“Бір тұлғадан екінші тұлғаға ауысу бәрібір нотариалдық куәландыру арқылы жүзеге асады. ХҚКО арқылы құжаттар өткізеді. Одан кейін "Азаматтарға арналған үкімет" арқылы құжаттар тапсырылады. Тиісті түрде тіркеуде жүзеге асыратын сол орган. Сол жердің мамандары осы іске қаншалықты қатысы бар деген сұрақ туындайды. Өйткені бәрібір ол жердің мамандары ақпаратты бермей құжат алаяқтарға немесе үшінші тұлғаға өтіп кете алмайды”, – деді заңгер Олжас Әлімов.

Талқылау