“Жиһад жасағым келді”: Терроризмді насихаттады деп айыпталған 16 жастағы қазақстандық оқиғасын бөлісті
Соңғы жылдары экстремистік идеолагияның ықпалына түсіп, терроризмді насихаттап, жиһад жасағысы келген балалардың қатары көбейген. Экстремизмді насихаттады деп айыпталған 16 жастағы жасөспірім болған оқиға туралы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі қауіпсіздік қызметінің “Арбау” фильміне сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скрин
2023 жылы 42 адам деструктивтік әрекеттері үшін қылмыстық жазаға тартылған. Оның екеуі кәмелетке толмаған балалар. Биыл 68 адам сотталған. Олардың ішіндегі бесеуі бала.
Солардың бірі 16 жастағы Айбек(аты ойдан шығарылған). Ол желідегі топтарға кіріп, әртүрлі экстремистік сипаттағы видеолар таратқаны үшін сотталған. Жасөспірім өзінің жиһад жасағысы келгенін де жасырмады.
"16 жастамын. Экстремизмді насихаттайтын видеолар таратқаным үшін жазамды өтеп жатырмын. “Виалати Кавказ” деген Telegram арнаға кірдім. Ахмад деген баламен таныстым. Джиһадқа шақыратын видеолар сал деп айтты маған. Телеграмға кірім “Дауль-атль-Ислам” деген канал аштым. Сол каналға салдым. Сирияға барып жиһад жасағым келді. Топ ашып ол топтың сілтемесін TikTok-қа салдым. Сыбайласым “Ислам мемлекеті” деген тағы бір арнаға сілтеме жіберді, оған да қосылдым. Ол жерде намаз оқымай, Аллаға қарсы шыққан адамдарды өлтіретін видеолар еді. Ютубтан уағыз тыңдап, сайттарын оқыдым”, – дейді ол.
Айбектің анасы баласы бірнеше рет видео көрсеткенін, мұндай видеоларға мән бермегенін айтады.
"Маған Telegram-нан видео келді деп көрсетті. Ішінде біреудің басын екінші біреу кесіп жатыр. Мен мән бермедім. Мұндайдың талайын көргенбіз ғой деп қоя салдым. Наурыз айында ораза уақытында TikTok әлеуметтік желісіндегі балалармен кездесіп бастады. Арабша музыка тыңдайды. Біздің сауатымыз болмаған соң, балада діни сауат қайдан болсын. Ондай заң бар екенін де білмейміз”, – дейді жасөспірімнің анасы.
Жасөспірім әртүрлі террористік ұйымдарды насихаттайтын видеоларды бөлісіп, басқаларын да жиһадқа шақырған.
"Видеоның мазмұнында ДАИШ террористік ұйымының содырлары бейнеленген. Аса қатігездікпен адам өлтірген. Арнайы қызметтің адамдарын ұстап алып, аяусыз өлтірген видеоларды бөліскен. Оған қоса үстіне араб ұлтының киімін киіп, үйінің маңында бейнероликтер түсіріп, жиһадқа шақырып, жиһадқа шығу ойы бар екенін ашық бөліскен”, – дейді жедел қызметкер.
Еске салсақ, осыған дейін Қазақстан азаматы терроризмді насихаттағаны үшін сотталғанын жазғанбыз.