Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дженнифер Лопестің Астанадағы концертінен еліміз қанша табыс табатыны белгілі болды

"Астана Концерт" компаниясының продюсері Малик Хасенов үкімет отырысында америкалық әнші әрі актриса Дженнифер Лопестің концертіне 15 мың турист келіп, қазынаға 400 миллион теңгеден аса салық түсетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

джей ло

Фото: Дженнифер Лопестің Instagram-парақшасынан

Хасеновтің сөзінше, Лопестің концерті коммерциялық негізде ұйымдастырылады. Бұл Астананы А категориясындағы жұлдыздардың гастрольдік картасына қосуға үлес қосады.

"Біз концертке 15 мыңнан аса турист келеді деп болжап отырмыз. Осылайша экономикалық әсері айтарлықтай болады. HoReCa жүйесіне үлесі 6,5 миллиард теңге, ал салық түсімдері 400 миллион теңгеден асады", – деп қосты Хасенов. 

Спикер оқиғалық туризм жай ғана ойын-сауық емес, қуатты экономикалық құрал және инвестиция екенін айтты. Қазақстан осы салада көшбасшы болу үшін барлық ресурстарға ие. "А" санатындағы алғашқы коммерциялық концертті өткізудің нәтижесі бойынша, Астана қаласы әкімдігімен бірлесе отырып, оқиғалық туризмді дамытуға арналған стратегиялық жоспар әзірленеді. Бұл жоспар 3 жыл ішінде "А" санатындағы 10 концертті өткізуді көздейді. Негізгі мақсат – Астананы Орталық Азиядағы оқиғалық туризмнің басты орталығына айналдыру. Премьер-министр Олжас Бектенов аталған жоспарларды қолдады.

"Сіздің бірінші дәрежелі әлемдік жұлдыздарды тарту жоспарларыңыз төңірегінде  бұған дейін де бірнеше рет кездесіп, талқыладық. Бәрі ойдағыдай болғанына қуаныштымын. Мен мұндай концерттерді ұйымдастырушыларға жоғары талаптар қойылатынын білемін. Қазақстан осындай іс-шараларды өткізудің тұрақты орнына айналуы үшін бұл жұмысты жалғастыру қажет. Біз Үкімет тарапынан қолдау көрсетеміз", — деді Премьер-министр.

Еске салайық, бұған дейін танымал әлем жұлдызы Дженнифер Лопес Астанаға концерт беруге келетіні туралы хабарлаған едік. 

Америкалық супержұлдыз Дженнифер Лопес өзінің Up All Night әлемдік турнесі аясында 1 тамызда Астанада өнер көрсетеді. 

Талқылау