Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Дүкен иесін өлтіріп, қарақшылық жасаған": СҚО-да адам өлтірген екі азаматты алқабилер ақтап шыққан

Солтүстік Қазақстанда қарақшылық жасап, адам өлтіріп, ақталып шыққан қос азаматтың ісі қайта қаралатын болды. Мұндай шешімді бүгін облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: qaz-media

Аталған оқиға 2023 жылдың соңында М. Жұмабаев ауданы Медвежка ауылында болған. Жергілікті кәсіпкер өз үйінің ауласында өлі күйінде табылған. 

Ал 2024 жылдың наурыз айында осы іске қатысы бар деген күдікпен екі ауыл тұрғыны ұсталды. Ол - Максим Ивановский мен Евгений Баширов. Сот отырысы алқабилердің қатысуымен жабық режимде өтті. Өйткені, олардың біреуі кәмелет жасына толмаған. 

“Максим Ивановский мен Евгений Баширов қылмыстық кодекстің 192 бабы 3 бөлігі 4 т. (Қарақшылық) және қылмыстық кодекстің 99 бабы 2 бөлімі 7, 8 т (Адам өлтіру) бойынша айыпталған. Сондай-ақ тағы біреуі, яғни Евгений Баширов қылмыстық кодекстің 188 бабы 3 бөлімі 1,2,3 т. (Ұрлық) бойынша айыпталған еді. Алайда алқабилер алғашқы екі бап бойынша оларды ақтап шыққан. Айыпталушылардың біреуі бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан айырылды”, – делінген хабарламада. 

Алайда жәбірленуші тарап алқабилер шығарған шешіммен келіспей, аппеляциялық шағым түсірген. Бүгін облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы іске қатысты мынадай шешім шығарды.

"2024 жылдың 14 маусымында Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Максим Ивановский мен Евгений Башировты кінәсіз деп тауып, ақтап шыққан. Бұл сот шешімінің күші жойылсын. Қылмыстық іс алдын ала тыңдау сатысынан бастап үкім шығарған сотқа қайтадан жіберілсін. Жаңа сот отырыстары өзге құрамда өтеді. Ивановскийге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы сол күйінде қалдырылсын. Прокурордың апелляциялық өтінішхаты, жәбірленуші өкілдерінің апелляциялық шағымдары ішінара қанағаттандырылсын. Апелляциялық қаулы жарияланған сәттен бастап, яғни 2024 жылдың 16 тамызынан бастап заңды күшіне енеді", – деді сот алқасының төрағасы Ербар Қалиев.

Әдетте, алқабилер соты шығарған үкімге шағым түрсіруге болмайды. Алайда аталған істе бірқатар олқылықтар анықталған. Оны шешімді оқып болғаннан кейін облыстық соттың судьясы түсіндірді.

"Бұл істі талдау кезінде бірқатар қателіктер анықталды. Айталық, қорғаушы тарап алқабилер отырған кезде тергеудің рұқсат етілмеген әдістері туралы бірнеше рет мәлімдеген. Бірақ талап бойынша сот мұндай жайттарды алқабилер болмаған кезде қарастыруы тиіс еді. Өйткені, оның барлығы алқабилер шешім қабылдарда әсер етеді. Және әсер еткен де сыңайлы. Себебі, сот үкімі оқылғаннан кейін алқабилердің бірі айыпталушыларға іс-қимылмен бірдеңе көрсетпек болған", - дейді облыстық соттың судьясы Нұрлан Нұралин.

Сондай-ақ алқабилердің бірінің бұрынғы күйеуі қылмыстық жауапкершілікке тартылғандығы белгілі болды.  

Талқылау