“Доспехи Бога: Ультиматум” фильмінің жаңа бөлімі Маңғыстауда түсірілетін болды
Фото: Видеодан скриншот
“Доспехи Бога: Ультиматум” фильмінің жаңа бөлімінің режиссері Роберт Кун мен әлемге әйгілі актер Джеки Чан Маңғыстауды түсірілімнің басты локациясы ретінде ресми түрде мақұлдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Қоғамдық коммуникациялар орталығына сілтеме жасап хабарлайды.
Жоба өкілдері аймаққа жасаған сапары барысында Маңғыстаудың табиғи әлеуетімен және инфрақұрылымдық мүмкіндіктерімен танысып, бірқатар ықтимал локацияларды аралап шыққан. Сонымен қатар негізгі табиғи нысандарды жан-жақты зерттеу жұмыстары жүргізіліп, ұзақ келіссөздер нәтижесінде дәл осы өңір “Доспехи Бога: Ультиматум” фильмінің түсірілім алаңы ретінде таңдалды. Мұндай шешімге Маңғыстаудың қайталанбас ландшафттары, кең панорамалары және табиғи ерекшелігі түрткі болған.
Фильмнің Маңғыстауда түсірілуі қазақстандық киноиндустрия үшін маңызды оқиға болмақ. Жоба жүзеге асқан жағдайда Қазақстанның халықаралық кинематографиялық кеңістіктегі беделі артып, аймаққа инвестиция тартуға, креативті индустриялар мен туризмнің дамуына серпін бермек.
Сондай-ақ фильмге әлемдік деңгейдегі халықаралық мамандардың қатысуы кәсіби тәжірибе алмасуға, жергілікті кадрларды тартуға және Маңғыстаудың табиғи әрі мәдени мұрасын әлемдік аудиторияға кеңінен танытуға мүмкіндік ашатыны көрсетілген.
Жоба бойынша дайындық және ұйымдастыру жұмыстары бекітілген тәртіппен жалғасады.
Айта кетейік, бұған дейін әлемге әйгілі актер Джеки Чан Алматыға келген еді. Кейінірек оның сапарының мақсаты белгілі болды.
Salem Entertainment мәліметінше, тараптар ірі бірлескен жобаны жүзеге асыруға кіріскен. Алматыда болған уақытында актер алдағы картинаның түсірілім алаңдарын таңдаған.
“Толығырақ мәліметті әзірге құпия сақтаймыз. Бірақ сеніңіздер, алда сіздерді ғаламат жаңалықтар күтуде. Жаңалықтарымызды бақылап отырыңыздар, ең қызығы әлі алда!” – делінген хабарламада.
Кейінірек белгілі қазақстандық актер Рүстем Омаров әлемге әйгілі Джеки Чанның Алматыда түсірілетін халықаралық жобасына қосылды. Ол "Доспехи Бога: Ультиматум" атты жаңа фильмде актер әрі сценарист ретінде бой көрсетеді
"Өліп қала жаздаған кездерім болды": Қарызға батып жезөкше болған қазақстандық табысы туралы айтты