Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Досхан Жолжақсыновтың жас келіншегі өзін «тоқал» деп сынағандарға жауап берді

Әйгілі актер Досхан Жолжақсыновтың келіншегі Қаракөз Сүлейменова сыни пікірлерге көз жұма қарауға үйренгенін айтты. Танымал актриса өзін «тоқал» деп сынағандарды түсінбейтінін жеткізді. «Досханмен басы бос кезде қосылдым» деген ол өзін сынаған жұртқа жауап берді.

Бұл туралы «Астана» арнасының «Сырласу» бағдарламасына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

Сүлейменованың айтуынша, ел арасында дархан пейілді, ақ жүректі жандар көп. Алайда тырнақ астынан кір іздеп, мін тағатындар да баршылық.

«Біріншіден, қазақтың көңілінен айналдым. Себебі жақсы адамдар көп. Жақсы көңіл, ниет білдіріп жатады, бақыт, денсаулық тілейді, үлгі тұтамыз дейді. Мың да бір рахмет ол кісілерге. Ал енді кері жазатын пікірлерге де салмақты қараймын. Себебі өмір солай үйретті. Оған жеңіл қарап үйрену керек. Ол оңай емес.

Ерте есейдім мен, сондықтан да болар, мен Досекеңнің оң жаңбасына келіп, тағдыр бізді қосты. Біз көп жүрген де жоқпыз, бір-бірімізді жақсы тани алмадық та. Екі айдың ішінде бұл кісі мені айналдырып, тоқ етер сөзін айтты», – деген актриса жан-жарымен табысқан кезді есіне алды.

Бұдан бөлек, Жолжақсыновтың келіншегі өзін «тоқал» деп сынағандарға жауап берді.

«Сонда кей-кездері ел: «Тоқалсыз ба?» – деп сұрақ қояды. Соған таңғаламын. Себебі бірге тұрып жатқанымызға 29 жылға шығып жатыр. Егер де бұл кісінің басы бос болмағанда, мен бұл кісімен кездеспек түгілі, сөйлеспейтін де едім. Бұл – шындық. Себебі біздің ата-анамыз берген тәрбиесі бойынша, кез келген мақсатқа әртүрлі жолмен жетуге болады, бірақ адал жолмен жету керек.

Осы адалдық деген нәрсені маңдайыма балтамен шапқандай, бойыма бала кезден сіңірілді. Бұл – харам, бұның да сұрауы бар, бұл күнә деп. «Қыз баланың өзінің сезім білдіруі өліммен тең» деген қағиданы әжеміз айтып өткен. Мен ешкімнің отбасының арасына түскен жоқпын, қазақшалап айтқанда ойнастық жасаған жоқпын, өтірік күліп жүрген жоқпын, тіпті, қылтың-сылтыңым болған емес. Жалпы, алғаш көргенде бұл кісі маған ұнаған да жоқ», – деді ағынан жарылып ол.

Жіберіп алмаңыз:

Гүлзира Айдарбекова қыз ұзатқанын сынағандарға жауап берді (видео)

Айгүл Иманбаеваның жұрттан жасырған сүйіктісі кім?

“Нағыз әнші”: Роза Әлқожаның анасы домбырамен ән шырқап, жұртты тәнті етті (видео)

“Қазақ жігіттерінен мықты емес”: Байсемізова шетелдікке тұрмысқа шығудың кемшілігін атады (фото)

Талқылау