"Досына көмектесу үшін моншаға кеткен": Ақтөбеде із-түссіз жоғалған 10-сынып оқушысының денесі өзен жағасынан табылды

Фото: Halyqstan Telegram арнасынан
Ақтөбеде досына көмектесу үшін моншаға шығып кеткен 16 жастағы Ислам Төреғали із-түссіз жоғалып, кейін өзеннен денесі табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Halyqstan Telegram арнасының мәліметінше, 16 жастағы №31 мектептің оқушысы Ислам Тореғали 30 қарашада түсте үйінен шығып кеткен. Ол ата-анасына досына көмектесу үшін "Ернұр" моншасына баратынын айтқан. Өкінішке орай, жасөспірім үйге оралмаған. Сондықтан оған іздеу жарияланды.
Дүйсенбі күні 10-сынып оқушысының денесі сүңгуірлер арқылы Ілек өзенінен табылды. Өзен моншадан бірнеше аялдама жерден ағады. Іздеу барысында жасөспірімнің және 27 жастағы тағы бір ер адамның ұялы телефондары өзен жағасынан табылды.
Жасөспірімді 1 желтоқсанда, ал ер адамды 2 желтоқсанда жағадан 30 метр жерде табылды. Ақтөбе облысы полиция департаментінің хабарлауынша, екеуінің де денесінде зорлық-зомбылық белгілері жоқ.
Құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.