Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Досым мен намысымды қорғадым": Лондондағы Қазақстан азаматы төбелес кезінде пышақ сұққаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Ұлыбританияда құрылыста жұмыс істеп жүрген қазақстандық Бекзат Аманжолов өзін бопсалаған тәжік азаматтарына пышақпен шабуылдағаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Азамат елден көмек сұрайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бекзаттың сөзінше, Тәжікстан азаматтарымен бұрын да келіспеушіліктер орын алған. Бірінші төбелесте тәжіктер оған пышақпен шабуыл жасап, кейін Бекзат олардың қолындағы қаруларын лақтырып үлгерген. Уақыт өте келе тағы бір тәжік азаматы қазақстандықпен текетірескен. Бұл төбелесте де Бекзат оның мұрнын сындырып, кейін татуласқан.

Алайда жағдай тәжіктердің бір-бірімен келісіп, Бекзатты қыспаққа алғаннан бастап ушыға түскен. Олар қазақстандық азаматқа қоңырау соғып түнде үйіне келген. Бекзат барлық дауды бір-бірлеп жігітше шешейік десе де олар көнбепті. Сөйтіп олардың арматура, сым секілді заттармен келгенін көріп, қазақстандық егер шабуылдайтын болса, өзінің де қорғану үшін пышақ алып шығатынын ескерткен. Кейін досымен бірге Бекзат екі асүй пышағын алып шыққан. Төбелес нәтижесінде екі азамат пышақ жарақатымен, біреуінің мұрны сынып ауруханаға түскен. 

“Біреуді өлтіремін деген ниетім болмады. Бар ойым олардың соққыларынан қорғану еді. Мен олардың өміріне қауіп төнбес үшін жанама соққылар жасадым”, – деді Бекзат Аманжолов. 



Оқиғадан кейін ол Лондондағы Қазақстан елшілігіне барып, елден шықпақ болған. Алайда британ полициясы оны ұстады. 24 сағаттан кейін қазақстандық кепілмен босатылды. Оған адвокат тағайындалғанымен, тағылған айып бойынша Бекзат Аманжолов 10 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бекзат дәлел ретінде оны бопсалап хабарласқан жазбалардың бар екенін айтады. Алайда қазір бұл жазбалар полицей қарамағында болғандықтан, қазақстандықтың өзі қол жеткізе алмай отыр. 

Бекзат өзінің еш қателеспегенін алға тартты.

“Бұл жекпе-жекте мен досым мен өзімді, намысымды қорғадым. Өз әрекетіме еш өкінбеймін”, – деп қосты ол. 

Бекзат Аманжолов Қазақстан халқына, сондай-ақ ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Сыртқы істер министрлігіне Лондоннан жақсы адвокат жалдауға көмек сұрап, видео үндеу жазды. Ол қаражат бойынша есеп беруге дайын екенін айтты. Қазір оған Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің консулы Мерей Қуандықовқа көмектесуге тырысуда.

Бұрын Бекзат Аманжолов аэроұтқыр әскерлер қатарында әскери борышын өтеп, бокс және басқа да спорт түрлерімен айналысып, жеке күзет саласында қызмет атқарған. 2019 жылы ол қызмет саласын өзгерткен. Такси, сонымен қатар мектеп жүргізушісі болған. Алайда жалақының аздығынан шетелден жұмыс іздеуіне тура келген.

Талқылау