Досаев мемлекеттен үй алып, оны жалға беретін алматылықтарға шағымдануға болатынын айтты
Алматы әкімі Ерболат Досаев мемлекеттен баспана алып, кейін оны жалға беретін алматылықтарға наразы. Әкімнің айтуынша, адал емес азаматтарға шағымданып, тұрғындардың мемлекеттен алған пәтерін қайтарып алу керек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: qazaqstroy.kz
Наурызбай ауданындағы тұрғындармен кездесу барысында "Alma City 5" тұрғын үй кешенінің тұрғыны әкімге жүгінді.
"Біздің тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің көбісі мемлекеттік бағдарламалар арқылы алынған. Мемлекет мұқтаж адамдарға баспана беріп жатыр, бұл – жақсы. Бірақ мәселе мынада: осы пәтерлердің иелері онда тұрмайды. Оларды жалға беріп қойған. Жалға алушылар өте көп. Онда отбасылар емес, 10-15 адамнан тұратын топтар тұрады. Кіреберістердің жағдайы нашарлап кетті. Аулаларда да тәртіп жоқ. Өзінікі болмаған соң, адамдар ештеңені сақтамайды. Мұны бақылайтын қандай да бір орган бар ма?" – деп сұрады әйел әкімнен.
Жауап ретінде Досаев адал емес алматылықтарға коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасына шағымдануға шақырды.
"Егер тұрғын үй мемлекеттік бағдарламалар аясында кезекте тұрғандарға немесе жұмыс істейтін жастарға берілсе, басқармаға шағымдануға болады. Біздің елде мұндай пәтерлерді жалға беруге тыйым салынған", – деп ескертті Алматы әкімі.
2025 жылы Alma City ықшамауданында мемлекеттік баспананы заңсыз жалға беру бойынша 17 жағдай анықталған. Егер қайталанса, меншік иелерінің жалдау шартын бұзу туралы сот шешімі шығарылады.
"Өтінемін, шағым жазыңыздар, тиісті органдар тексеру жүргізеді. Көршілеріңізді тексереді. Кездесулеріме келетін адамдардың көбі "Бізге үй беріңізші" деп сұрайды. Бірақ шын мәнінде олар баспана алады да, бір қадам да баспай, бірден жалға береді. Бізде мұндай жағдайлар өте көп", – деп ашуланды Ерболат Досаев.
Оның айтуынша, кейбір кезекте тұрғандар өздерінің пәтерін басқа адамның атына рәсімдейді. Сол себепті олардың ресми түрде баспанасы жоқ болып саналады.
"Кейін олар қайтадан мемлекеттен үй алады, бірақ бұрынғы жерінде тұра береді. Егер осындай фактілерді көрсеңіздер, шағым жазыңыздар. Мен қолдаймын", – деп түйіндеді әкім.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда пәтерін жалға беретіндер табысынан 10% салық төлеуге міндетті екенін жаздық. Мәселен, азамат баспанасын 200 мың теңгеге жалға берсе, оның жылдық табысы 2 400 000 мың деп есептеледі. Осылайша, дәл осы соманың 10%-ы салық ретінде мемлекетке төленуге тиіс. Айта кетейік, 10%-дық мөлшерлемеге зейнетақы жарнасы мен әлеуметтік төлемдер, медициналық сақтандыру кірмейді. Дегенмен, бұл жүйені халықтың бірі дұрыс десе, енді бірі жалға берілетін пәтер бағасына кері әсер ететінін айтады.