Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Дос-Мұқасан” ансамблінің солисіне әлі де “Қазақстанның халық әртісі” атағы берілмеген: Мәдениет және ақпарат министрлігі себебін түсіндірді

Мұр0ат Құсайыновқа неге Халық әртісі атағы берілмегенФото: https://www.instagram.com/dos_mukasan_official

Желіде “Дос-Мұқасан” ансамблінің солисі Мұрат Құсайыновтың әлі де “Қазақстанның халық әртісі” атағын алмағаны қызу талқыға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиғаның мән-жайы

Жақында Threads желісінде музыкантқа қатысты жазба жарияланды. Жазба авторы әйгілі “Дос-Мұқасан” ансамблінің негізін қалаушы Мұрат Құсайыновқа әлі де “Қазақстанның халық әртісі” атағы берілмегеніне таңғалған. Оның сөзінше, бұл атақ кейбір жас орындаушыларға әлдеқашан берілген. 

Мұрат Құсайыновқа қатысты дау

Жазба миллионнан аса қаралым жинап, қазақстандықтардың көкейінде сұрақ тудырды.

“Дос-Мұқасан тобы қазақ эстрадасының аңызы. Олар Қазақстанды халықаралық байқауларда танытқан топ, фонограммасыз, жанды дауыста ән айтады. Өздерінің жұмыстарын істеді. Енді лайық емес дейді ме? Мұрат Құсайыновтың шығармашылығы үшін өкінішті”, “Ол бұл атаққа 50 жыл бұрын лайық еді”, “Мұрат Құсайынов – аңыз. Оған бұл атақты 50 жыл бұрын беру керек еді”, “Бұл туралы білмедім, таңғалып отырмын. Әділетсіз екен”, “Мұрат Құсайынов Қазақстанның халық әртісі атағына лайық адам”, “Бұл Мәдениет министрлігінің қателігі”, – деп жазды олар. 

Министрлік не дейді?

Мәдениет және ақпарат министрлігі Мұрат Құсайыновтың расында да Қазақстанның халық әртісі атағына ие емесін растады. Алайда оған бұл атақты беру жөнінде министрлікке ешқандай өтініш түспеген.

“Мурат Құсайыновқа “Халық әртісі” атағын беру туралы хаттамалық өтініш министрлікке келіп түскен жоқ. Қазіргі уақытта мемлекеттік наградалар беру бойынша биылғы құжаттарды қабылдау аяқталды. Келер жылы тиісті құжаттармен бірге өтініш түскен жағдайда, министрлік оны белгіленген тәртіппен қарауға дайын”, – деп түсіндірді ведомство.

Сонымен қатар ведомство музыканттың бұған дейін бірқатар жоғары марапаттарға ие болғанын еске салды:

  • “Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі”;
  • “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері”;
  • “Құрмет” ордені;
  • “Парасат” ордені.

“Халық әртісі” атағы кімдерге беріледі?

Ведомство мәліметінше, 2023 жылдан бастап “Қазақстанның халық әртісі” атағы театр, цирк, музыка немесе кино өнерінің дамуына айтарлықтай үлес қосқан мәдениет қайраткерлеріне беріледі. Сондай-ақ маңызды талаптың бірі – үміткердің бұған дейін “Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі” немесе “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” мәртебелерінің біріне ие болуы қажет.

Министрлік мемлекеттік наградаларды беру тәртібі “Мемлекеттік наградалар туралы” заңда және 1999 жылғы 8 қарашада Президенттің № 90 Жарлығымен бекітілген нұсқаулықта айқындалғанын хабарлады.

“Мемлекеттік наградалармен марапаттауды Президент жүзеге асырады. Мемлекеттік наградаларға ұсыныстар Президентке Парламент, Үкімет, министрліктер, агенттіктер, басқа орталық және жергілікті атқарушы органдар, шығармашылық одақтар, еңбек ұжымдары және өзге де ұйымдар тарапынан енгізіледі”, — деп мәлімдеді ведомство.

Еске салайық, 2019 жылғы сәуірде Мурат Құсайынов Астана әуежайындағы оқиғаға байланысты қоғам назарын аударған еді. Air Astana ұсынған нұсқаға сәйкес, музыкант қатты сөйлесіп, бейәдеп сөздер айтқан, ал ұшуға рұқсат берілмегеннен кейін әуе компаниясының қызметкерін ұрған. Құсайынов бұл айыптауларды жоққа шығарып, тек аяқ киімін шешуді талап еткеннен кейін қаттырақ жауап бергенін мәлімдеді. Әуе компаниясы полицияға арыз жазып, әртіске қатысты соталды тергеу басталды.

Кейін әкімшілік сот Құсайыновты ұсақ бұзақылық үшін айыппұл салды. Одан бөлек, оны билік өкілін қорлады деп айыптаған қылмыстық іс қаралды. Сот музыкантты кінәлі деп танығанымен, қылмыстық жауапкершіліктен босатты.

Айта кетейік, әуежай қызметкеріне қол көтерген Мұрат Құсайыновты әріптестері ақтап шыққан еді.

Балнұр Жұмаділла
Сәрсенбі, 03 Желтоқсан, 2025 13:35