Доминикан республикасында клуб шатыры опырылып, 79 адам мерт болды (видео)
8 сәуір күні Доминикан республикасында түнгі клубтың шатыры опырылып, 79 адам қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі DW басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Құтқару қызметінің директоры Хуан Мануэль Мендестің айтуынша, тағы 155 адам зардап шекті. Қаза тапқандар саны артуы мүмкін. 400-ге жуық құтқарушы адамдардың денесін қирандылар арасынан іздеп жатыр.
Ел астанасы Санто-Домингодағы Jet Set мекемесінің төбесі әйгілі әнші Рубби Перес ән айтып жатқан кезде опырылып түскен. 69 жастағы әнші де үйінді астында қалып қойған. Қызының айтуынша, ол оқиғадан бірнеше сағат өткен соң әкесінің тірі екенін білген. Ол жарақат алып, үйінді астында жатқан.
Куәгерлердің айтуынша, шатыр кенеттен опырылып түскен. Олардың бірі алғашында жер сілкінісі болды деп ойлап, басын жауып еденге құлаған. Тағы бір куәгердің айтуынша, алдымен төбеден сылақ құлап, содан кейін үстелге тас түскен. Ол сол сәтте цунами басталып, жер сілкінді деп ойлаған.
Билік түнгі клубта қанша адам болғаны туралы мәлімет бермеді. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, 500-1000 арасында келушілер болған.
Ел президенті Луис Абинадер Санто-Домингодағы қайғылы оқиғаның құрбандарына үш күндік ұлттық аза тұту күнін жариялады.
Айта кетейік, бұған дейін Солтүстік Македонияның Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, түнгі клубтағы өрт салдарынан кемінде 51 адам қаза тауып, тағы 100-ден астамы жарақат алғаны туралы жазған едік.