Доллар бағамының өсуі: Ұлттық банк депозиттер бойынша шығын неліктен өтелмейтінін түсіндірді
5 желтоқсанда сенаттың пленарлық отырысында ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бүгінде депозиттер бойынша мөлшерлемелердің жоғары екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: www.invest-rating.ru
Ұлттық банк төрағасы 2022 жылы депозиттерге компенсация ұсынылғанмен, қазір мұның мүмкін емес екенін айтты. Сонымен қатар ол сол уақыттағы геосаяси жағдайлар басқа екенін атап өтті.
"Сол кезде, естеріңізде болса, валюта курсы шамамен 400-ден 530-ға дейін құбылып отырды. Яғни жағдай мүлдем басқаша болды. Сол уақытта депозиттер бойынша мөлшерлемелер 8-9% аралығында болды. Мұнда адамдар 8-9% мөлшерлемемен депозиттерінде ақша сақтап отырды. Қазір бұған 15% мөлшерлеме қосылды. Бұл екі түрлі жағдай. Шын мәнінде, сол уақытта үкімет пен ұлттық банк адамдардың ақшасын шығарып, доллар сатып алмауы үшін оларды ұстап тұрды. Сондықтан мемлекеттік сыйақы беру қажет деп шешті", – деп мәлімдеді Сүлейменов.
Оның пікірінше, қазір депозит бойынша мөлшерлемелер жеткілікті деңгейде жоғары.
"Менің ойымша, бүгінде долларға қарағанда теңгеде депозит сақтау әлдеқайда тиімдірек. Сондықтан мұндай бағдарлама қарастырылмайды. Оның үстіне, ол үлкен фискалдық шығынға әкеп соғады. Қазір мемлекетте қаржы ресурстары шектеулі", – деп толықтырды ол.
Еске салайық, бұған дейін ұлттық банк басшысы қазақстандықтарға доллар сатып алмауға кеңес бергенін жаздық. Ұлттық банк төрағасы қазір доллар жинақ құралы болмауы керек екенін, өйткені теңгелік депозиттер жақсы кіріс әкелетінін айтты. Ақшасын банкке депозитке салғысы келетін қарапайым қазақстандықтар үшін депозит кірісі де артады.