Қазақстанда доллар бағамы неге түсіп жатыр: Ұлттық банк себебін түсіндірді

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов теңгенің нығаюына және доллар бағамы күрт өсіп кетуі мүмкін деген болжамға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сенат кулуарында Берік Шолпанқұлов доллардың бағамына қатысты пікір білдірді.
“Ұлттық банк әрдайым валюта нарығындағы негізгі ойыншы емес екенін айтып келеді. Теңге – еркін айырбасталатын валюта. Валюта нарығындағы барлық үдеріс сұраныс пен ұсынысқа байланысты қалыптасады. Қазір сұраныс азайып, ұсыныс көбейіп отыр. Сондықтан бағам төмендеп жатыр. Бұл таза экономикалық үдеріс”, – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
Сосын журналистер Шолпанқұловқа халықтың доллар бағамы күрт өсіп кете ме, деп алаңдап отырғанын жеткізді. Ұлттық банк төрағасының орынбасары жауап ретінде бағам динамикасын реттеуші орган емес, нарықтағы қатысушылар қалыптастыратынын йтты.
“Бұл реттеушінің ықпалы емес. Бағамды нарықтағы сұраныс пен ұсыныс анықтайды”, – деді ол.
Фото: kase.kz
Қазақстан қор биржасындағы (KASE) таңғы сауда қорытындысы бойынша доллардың орташа бағамы 489,28 теңге болды.
Соңғы рет доллар бағамы 2025 жылдың наурызында осындай деңгейде болған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда доллар бағамы 490 теңгеден төмен түскені туралы жазған едік.
"7 миллиард теңгеге жуық": Алматы әкімін қамтамасыз етуге премьер-министрден көп қаржы жұмсалады