Disney мен OpenAI компаниялары 1 миллиард долларлық келісім жасасты
Коллаж Stan.kz
Disney компаниясы OpenAI-ға 1 миллиард доллар инвестиция салып, өзінің кейіпкерлерін пайдалануға рұқсат береді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
The Walt Disney Company мен ChatGPT-дің әзірлеушісі OpenAI лицензиялық келісім жасасты. Бұл келісім анимациялық студияға OpenAI-дың генеративті жасанды интеллект көмегімен қысқа видеороликтер жасайтын Sora платформасына серіктес болуға мүмкіндік береді.
Келісім Walt Disney мен OpenAI сайттарында жарияланды.
Келісімшарттың жарамдылық мерзімі – үш жыл. Walt Disney OpenAI-дың акционерлік капиталына 1 миллиард доллар инвестиция салады, сондай-ақ қосымша акцияларды сатып алу құқығына ие болады.
OpenAI мәліметінше, Disney Sora нейрожелісіне контентті лицензиялау бойынша алғашқы ірі серіктес болмақ.
Келісімшартқа сәйкес, нейрожелі пайдаланушылардың сұраныстарына жауап ретінде анимациялық студияның кейіпкерлері бар видеоларды жасай алады, ал Disney оларды өздерінің Disney+ платформасында көрсетуге құқылы болады.
Walt Disney мәліметінше, Sora Disney, Marvel, Pixar және Star Wars әлемдерінен 200-ден астам анимациялық кейіпкерлерді, бетперделерді, тірі кейіпкерлерді, сондай-ақ костюмдер, реквизиттер мен локацияларды пайдалана алады.
Алғашқы бейнероликтер 2026 жылдың басында пайда болады деп жоспарланып отыр. Жоғарыда аталған кейіпкерлерден бөлек, Микки Маус, Симба, Муфаса, Лило мен Стич, Дэдпул, Грут, Темір адам және басқа да кейіпкерлер қолжетімді болады.
Айта кету қажет, келісімшарт студия актерлерінің бейнесі мен дауыстарын пайдалануға рұқсат бермейді.
Еске салсақ, бұған дейін Time журналы “Жыл адамы” атағын жасанды интеллекттің негізін қалаушыларға бергені туралы жазған едік.
“2 миллиард теңгеге жуық“: Қазақстан өңірлері 2026 жылды қарсы алуға қанша қаражат жұмсайды?