"Директор ауысса, білім ордасы бұрынғыдай болмайды": Алматыдағы мектептердің бірінде ата-аналар өз еркімен қызметтен кеткен директорды қайтаруды талап етті
Фото: Stan.kz
Алматыдағы Ілияс Есенберлин атындағы №25 гимназияның ата-аналары директордың қызметтен кетуіне қарсылық білдіріп, білім ордасына жиналды. Олардың сөзінше, мектепті жиырма жылға жуық басқарған директор әр оқушының есімін білген. Ал буллинг атымен жоқ дейді. Ата-аналар білім басқармасына хат жолдапты, бұл бастаманы мұғалімдер де қолдап отыр. Stan.kz тілшісі ата-аналармен кездесіп, шағымын тыңдап көрді.
Ата-аналардың бірі директордың қызметтен кетуіне бастауыш сынып оқушылары арасындағы жанжал себеп болуы мүмкін дейді.
"Бастауыш сыныптың оқушылары бір-бірін итеріп жіберсе керек. Бірақ ешкім жарақат алмаған. Бұған қарамастан ата-аналар бір-біріне қарсы арыз жазып, арты дауға ұласты. Аталған жайттан кейін директордың өз еркімен арыз жазып, қызметтен кеткенін естідік", – деді тілшімізбен тілдескен ата-аналардың бірі.
Мектеп алдына жиналған ата-аналар "директор ауысса, білім ордасы бұрынғыдай болмайды" деп шағымдарын жеткізді. Сөздерінше, мектеп директоры әр оқушының аты-жөнін білген. Ал еңбек жолын №25 гимназияда бастап, директор қызметіне дейін көтерілген.
Фото: Stan.kz
"Біздің басты талабымыз – әкімшілік құрам назымызды естіп, Ғазиза Әбдіхалыққызын қызметіне қайтарса. Себебі балалар мұнда өздерін еркін сезінеді. Мұғалімдер тарапынан талап жоғары. Барлық мәселе айқай-шусыз шешіледі. Оқушылар кез келген уақытта мектеп басшылығымен сөйлесе алады. Директор – мектептің жаны", – деді ата-аналардың бірі Айман Сарсенова.
Ата-аналардың айтуынша, мектепте буллинг атымен жоқ. Сондықтан балалар да білім ордасына қуана-қуана келетін дейді.
"Мектепте түрлі жағдай болады ғой. Бірақ мектеп басшысы әр адаммен жеке сөйлесіп, проблеманы бірден шешетін. Мектеп алдында оқушыларды өзі күтіп алады. Тіпті қызым қант диабетіне шалдыққанда, директор мұны естіп, қал-жағдайын сұрап келген. Егер ол кісі кетсе, мектеп те бір бөлшегінен айрылатындай. Сондықтан осындай жағдайда директорға қолдау көрсетуді жөн деп санадық. Білім басқармасына хат жолдадық, ата-аналар қол жинап жатыр. Мұғалімдер де біздің бастамамызды қолдап отыр", – деп жеткізді ата-ана Альфия Жақсылықова.

Қазақстандықтарға қай айларда шетелге саяхаттау арзан екені айтылды
