Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жасанды интеллект емес, адамдардың өзі жасайды": Сенатта дипфейк авторларын қылмыскер ретінде жауапқа тарту ұсынылды

әшімбаев

Фото: parlam.kz

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев елде дипфейктер (жасанды интеллект көмегімен жасалған жалған бейне мен мәліметтер) үлкен проблемаға айналып келе жатқанын айтып, мұндай контенттің авторларын жауапкершілікке тартуға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сенат спикерінің айтуынша, алаяқтар жасанды интеллектті пайдаланып, адамдардың атынан жалған жазбалар жариялап, ойдан шығарылған оқиғаларды насихаттайды немесе азаматтарды алдап, материалдық пайда көреді.

"Мұнда тек қоңыраулар туралы емес. “Орманға тереңдеген сайын, отын көбейеді” деген мақал бар ғой. Бұл тек бастамасы, алғашқы белгілері ғана. Технология дамыған сайын осындай жалған контент, бұрмаланған ақпарат пен манипуляция үлкен қауіпке айналып барады", — деді Әшімбаев.

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, дипфейктерді жасанды интеллект емес, адамдардың өздері жасайды. Сондықтан оларды Қылмыстық кодекс баптары бойынша жауапқа тарту қажет.

"Бұл әрекеттерді жасанды интеллект емес, адамдардың өзі жасайды. Соларды алаяқтық, бопсалау, заңсыз ақша жинау сияқты баптар бойынша жауапқа тарту керек. Әрине, бұл өте күрделі мәселе", — деді ол.

Сенат спикері алдымен "Жасанды интеллект туралы" заң жобасын қабылдау қажеттігін атап өтті. Ал жауапкершілік пен жазалау шаралары кейінірек заң қабылданған соң жеке талқыланатынын айтты.

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 23 Қазан, 2025 12:54
Талқылау