Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Діни сұрақтарға жауап береді": Қазақстанда "ЖИ-имам" пайда болады

Фото: instagram.com/@muftyatkz

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін IMAM AI мобильді қосымшасын іске қоспақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Басқарманың жаңа жобасы туралы бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 2026 жылға арналған бағдарлық баяндамасында мәлімдеді.

Діни басқарма жасанды интеллектті дін саласына енгізу имамдардың жүктемесін азайтып, жамағаттың сенімді ақпаратқа қолжетімділігін жеңілдетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

“Заман талабына сай біз де жасанды интеллект мүмкіндіктерін діни салада жүйелі түрде енгізуді қолға алуымыз қажет. Бұл, ең алдымен, халықтың діни сұрақтарына жедел әрі сенімді жауап беруге, сондай-ақ дін қызметкерлерінің жүктемесін азайтуға жол ашады. Осыған байланысты, жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін, сенімді дереккөздерге сүйеніп, діни сұрақтарға лезде жауап беретін "Imam AI" мобильді қосымшасын ұсынатын боламыз”, – деді бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

IMAM AI күнделікті өмірде туындайтын сұрақтарға нақты уақыт режимінде жауап беріп, діни нормаларды түсіндіруде бірыңғай әрі дұрыс ұстанымды қамтамасыз етеді деп күтілуде. 

ҚМДБ жобаның заманауи цифрлық талаптарды ескере отырып әзірленіп жатқанын және діни-ағартушылық қызметте технологияларды пайдалануға бағытталған кең ауқымды стратегияның бір бөлігі болатынын атап өтті.

Еске салсақ, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды жасанды интеллект жылы деп жариялаған еді.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 15 Қаңтар, 2026 19:00