Динара Сәтжан мен Айгүл Иманбаева зорланған 6 жасар қыздың көңілін сұрап қайтты (видео)
Соңғы уақытта елдің назары Ақтауда зорланған 6-жасар қыздың денсаулығында. Дүйім жұрт педофилдің қармағына тап болған бүлдіршін үшін алаңдаулы. Әсіресе, 6-жасар Викторияның туыстырана оңай тимей отыр.
Жуырда Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Гюзель Манюрова, тележүргізуші Динара Сәтжан, актриса Айгүл Иманбаева және актер Әнуар Нұрпейісов ауруханаға бас сұғып, бүлдіршіннің жағдайын біліп қайтты.
6-жасар Викторияның денсаулық жағдайы туралы балалар неврологиясы бөлімінің меңгерушісі, қыздың дәрігері Алтыншаш Жақсыбаева әңгімелеп берді.
«Қазір бала үшінші деңгейлі комада жатыр. Науқастың жағдайы өте ауыр. Өкінішке қарай, болған оқиғаның салдарынан бүлдіршіннің миы ұзақ уақыт бойы қажетті оттекті қабылдамаған. Соның салдарынан оның миына үлкен зақым келген, қазір ол жұмыс істемей тұр», – дейді дәрігер.
Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында кішкентай Викторияны қолдау акциясы өткізілді. Ермек Аманшаев, Гюзель Манюрова, Динара Сәтжан, Айгүл Иманбаева және Әнуар Нұрпейісов ұйымдастырылған арнайы бұрышқа ойыншықтар алып барды.
Динара Сәтжанның айтуынша, Виктория ғана емес, оның қос әжесі де медициналық көмекке зәру.
«Виктория кішкентай болғанына қарамастан, зорлаушыларға қатысты заңды өзгерте алады. Қылмыскерлер біздің және балаларымыздың жанында өмір сүрмеуі тиіс. Біз оларды тоқтатуымыз керек», – деп жазды Сәтжан желідегі парақшасында. Сондай-ақ, тележүргізуші Викторияның әжесінен алынған сұхбаттың видеосын жариялады.
Немересінің бастан кешіргеніне жүрегі тілімденген әженің көзі жастан тыйылмады.
«Шарасыздықтан не істеріңді де білмейсің. Оған тіпті өлім жазасы кесілсе де, аз. Біздің балапанымыздың кешкен күйінің қасында өлім жазасы да түк емес», – деді Викторияның әжесі.
Викторияның жанында күндіз-түні отырған қос әжесі немерелері үшін қатты алаңдауда. Айта кетейік, бүлдіршін ауруханаға 27 тамыз күні ауыр халде жеткізілген болатын.
Ал Ермек Аманшаев материалдық жағынан толықтай көмек көрсетілетінін айтып, бастысы Викторияның оянып, аман-есен отбасына оралуын тілеп отыр.
«Өте ауыр жағдай. Педофилдерге қарсы бүкіл қоғам болып күресуіміз керек. Мұндай адамдар заң жүзінде тиісті жазасын алуы тиіс», – деді ол.
Жіберіп алмаңыз:
Тележүргізуші Динара Сәтжан өз қолымен қой сойды
Алматы облысында жол бойында намаз оқып жатқан имамды көлік басып кетті
Ақтауда зорланған қызды тапқан ер адамды полицейлер 5 тәулік қамауда ұстаған