"Димашпен кездесіп, онымен дуэт орындауды қалайды": Қазақстандықтарды әнімен сүйсіндірген 8 жасар алматылық арманын айтты
Фото: "Хабар" телеарнасынан
8 жасар Әділ Бектұрсын әлеуметтік желі қолданушыларын тәнті етті. Жас алматылық Димаш Құдайбергеннің "Любовь уставших лебедей" әнін орындап, жүректерге жол тапты. Оның өнер көрсеткен сәті түсірілген бейнежазба шамамен екі миллион қаралым жинаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Хабар" телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Әділ үш жасынан бастап вокалмен айналысады. Ата-анасы баласының танымалдылығының мұншалықты тез өсетінін күтпеген екен. Бірде отбасымен Астанада серуендеп жүргенде олар кездейсоқ көше музыканттарына кезігіп қалған. Сол сәтте Әділ сахнаға шығып, өнер көрсетуге бел буған. Әділдің айтуынша, сахнадан кеткісі келмей, әлі де ән айтқысы келген.
"Ән айттым, содан кейін анам маған Алматыдағы Арбатты көрсетемін деп уәде берді. Ол жерде де көше музыканттары бар екен. Астанадан оралған соң анам мені Арбатқа апарды, сол жерде ән айтып көрдім, бәріне ұнады", – деді Әділ Бектұрсын.
Әділ фортепиано ойнауды үйреніп жүр, вокалмен айналысады және бес жылдан бері түрлі байқауға қатысып, бірнеше рет жүлделі орындарға ие болған. Анасы Мақпал Тұрысбекова ұлының бойындағы музыкалық қабілетті ерте байқап, оны ұстаздар көмегімен дамытуға шешім қабылдаған.
"Кішкентай кезінен музыкаға қызығушылық танытатын. Уақыт өткен сайын бұл қызығушылық күшейе түсті. Қазір ол кез келген жерде үйде, көлікте, көшеде ән салып жүре береді. Біз оны музыка мектебіне бердік, сол жерде ұстазы Димаштың әндерін үйреніп көруді ұсынды. Басында қобалжыдық, қолынан келе ме деп. Бірақ Әділ жақсы орындап шықты. Оның басқа да қызығушылықтары бар, бірақ музыка бірінші орында. Тіпті демалыс кезінде де жаңа әндерді өз бетінше жаттап жүреді", – деді балақайдың анасы Мақпал Тұрысбекова.
Жасына қарамастан, Әділдің армандары биік. Ол сүйікті әртісі Димаш Құдайбергенмен кездесіп, онымен дуэт орындауды қалайды. Сонымен қатар композитор болуды армандайтын көрінеді. Бұған дейін ол патриоттық әндер орындаған, ал қазір сүйікті әндерінің қатарында "Your Love", "Любовь уставших лебедей", "Знай" бар.
"Маған Димаш ағаның әндері ұнайды, өйткені ол ерекше, әдемі дауыспен ән айтады. Өзім де музыка шығарғым келеді. Адамдар сол әндерді тыңдап, демалып, шабыт алса екен деймін", – деді Әділ Бектұрсын.
Жаттығу залында "Балқадиша" әнін айтқан жас дзюдошының кім екені белгілі болды
"Билікке жаққан әнші": Танымал журналист Димаш Құдайбергенді сынады
Еске салайық, бұған дейін "Балқадиша" әнімен танылған палуан бала Димаштың концертінде өнер көрсеткен еді. Халық әртісі өнерпаз балаға қолтаңбасы қойылған домбыраны сыйлады. Желі жұлдызына айналған баланың аты-жөні – Бекболат Иса. Оның орындауындағы әннің видеосы желіде кең таралып, жас орындаушының таза даусы мен вокалдық шеберлігіне қазақстандықтар ерекше ықылас білдірген.

"Қазақ жігіттері эмоциясын көрсете алмайды": Бразилиялықпен көңіл жарастырған қазақстандық аруды сүйіктісінің ұлты да, жасы да алаңдатпаған
