Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Димаш Құдайберген БҰҰ-ның ізгілік елшісі болып тағайындалды

Димаш Құдайберген БҰҰ-ның ізгілік елшісі болдыФото: Dimashnews.com

Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) жаһандық ізгілік елшісі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жағымды жаңалық 8 желтоқсанда Женевада өткен ХКҰ кеңесінің жыл сайынғы сессиясында жарияланды.

Dimashnews мәліметінше, бұл тағайындау оның ұйыммен көпжылдық ынтымақтастығының жалғасы. Былтыр Димаш өңірлік ізгі ниет елшісі атанып, миграция, адам саудасы және осал топтардың мәселелерін көтеруге бағытталған гуманитарлық кампанияларға белсенді қатысты. Сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Қазақстанға келген кезде өнер арқылы гуманитарлық бастамаларды ілгерілету идеясын ұсынған еді.

Биыл ол ХКҰ-мен ынтымақтастығын кеңейтіп, Рамазан айындағы қайырымдылық акцияларына қосылды және адам саудасына қарсы бастамаларды қолдады. Әлемдік Stranger туры барысында Нью-Йорк, Мехико, Барселона, Лондон және Берлин қалаларында инклюзивтілік пен бірлік туралы ойларын көпшілікке жеткізіп, ХКҰ миссиясының танылуына үлес қосты.

8 желтоқсандағы кеңес отырысында Димаш БҰҰ мүше мемлекеттерінің делегациялары алдында S.O.S d’un terrien en détresse композициясын орындады. ХКҰ бас директоры Эми Поуп әртістің гуманитарлық бастамаларға қосқан үлесін ерекше атап өтті.

“Димаш өз дауысын өнер үшін ғана емес, қоғамда елеусіз қалып қоятын адамдардың даусын жеткізу үшін пайдаланып келеді, – деді ол.

Жаңа мәртебені қабылдаған Димаш Құдайберген бұл міндеттің аса жауапты екенін айтты.

“Жаһандық ізгі ниет елшісі атану – зор құрмет. Мен инклюзивтілік пен қауіпсіз миграция идеяларын ілгерілетуді және ХКҰ-ның дағдарыстар кезіндегі қызметін қолдауды жалғастырамын”, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Димаш Құдайберген туралы кітап жарық көргені хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Сейсенбі, 09 Желтоқсан, 2025 09:58