Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Димаш Құдайберген: Әлемде қанша талантты жан бар, Құдай неге маған үлкен сахнаға шығуға мүмкіндік берді?!

Димаш Құдайбергенов фанаттарына жан сырын ақтарды. Әдетте ақтарылып сұхбат бермейтін, көп сөйлемейтін жұмбақ әнші ішкі ойларымен бөлісіп, Instagram-дағы парақшасында жантебірентерлік жазба қалдырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Кейде әлемде қаншама талантты адам бар деп ойланамын. Еңбегімнен бөлек, Құдай неге дәл маған әлемнің үлкен сахналарында өнер көрсетуге мүмкіндік берді? Алланың қалауымен, менің орнымда (қай елден екені маңызды емес) басқа әнші болуы (менен де талантты) мүмкін екенін ескерсек, өз жұмысымды жеткілікті дәрежеде атқарып жатырмын ба?" - деп ағынан жарылды Димаш.

27 жастағы әнші осыдан 10 жыл бұрын 400 мың халқы бар Ақтөбе қаласында тұрғанын, халықаралық дәрежеге шығып, тыңдарманның махаббатына бөленуді армандағанын еске алды.  

"Маған және менің шығармашылығыма әртүрлі көзқараспен қарауға болады. Біреуге менің даусым, әндерім ұнаса, біреуге ұнамайды. Енді біреулер жалпы аудиторияға түсінікті әндер орындауым керек деп санайды. Адам ретінде де біреуге ұнасам, біреуге ұнамауым мүмкін", - дейді Димаш. 



Құдайбергенов өзінің "қиын адам" екенін атап өтті. Өмірде болсын, өнерде болсын, тек өзі қажет деп тапқан әрекетті істейтінін жеткізді. 

"Өнер жолында мен үшін шешім қабылдауға ешкімге рұқсат бермеймін. Қандай да бір маңызды шешім қабылдауда маған әсер ете алатын жалғыз адамдар – ол менің ата-анам.

Өмірімде болып жатқан барлық оқиғалар үшін Аллаға шүкір. Мені естігендеріңіз үшін баршаңызға алғыс айтқым келмейді. Интроверт болғандықтан шығар, ешқашан дерлік ішкі ойларыммен бөлісе бермеймін, сұхбат беруден де көбінесе бас тартамын. Бірақ мен сіздің назарыңызды ұнататын, бағалайтын интровертпін", –  деді Димаш. 

Құдайбергенов жақын арада фанаттарын қуанышты хабармен қуантатынын жеткізді. 

 
 

 

Талқылау