Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ritz Carlton-ның көлік тұрағында адамдарды ұстаған": Дикий Арманға қатысты тың мәліметтер жарияланды

Бас прокуратура "Дикий Арман" лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиевке қатысты тергеу материалдарын жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаевтың айтуынша, 27 адам қаңтар оқиғасын ұйымдастырды деген күдікке ілінген. Олардың қатарында Алматы әуежайына және Көктөбе мұнарасына шабуыл жасағандар бар.

"Қылмыстық ортада "Дикий Арман" лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиев пен оның сыбайластарының рөлі ерекше. Атап айтқанда, 6 қаңтарда оның қылмыстық тобына қатысушылардың біріне және Алматы қаласында "Қазақстан" қонақүйіне келгендерге "Glock" және "Макаров" маркалы тапаншалар таратылды. Осы уақытта қаруланған адамдар ұйымдастырушы мен оның қарамағындағы адамдардан тиісті нұсқаулар алды", – деді Шалабаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.



Қылмыскерлер он адамнан бөлініп, әрбір адамның рөлін айқындап алған. Өз ішінен басшылар сайлаған. Оларға бронды кеудеше мен басты қорғайтын құралдар берілді.

"Сондай-ақ атыс қаруы мен 200 мың теңге ақша таратылды. Қатардағы серіктестер суық қару мен денеге зиян келтіруге болатын басқа да заттар алды. Ерекше белгі ретінде барлық қатысушының сырт киімінің жеңіне ақ мата таққан. Аталған қарулы топтар қаланың әртүрлі нүктелерінен 24 азаматты ұрлап, оларды ұрып-соғып, Ритц-Карлтон және "Қазақстан" қонақүйлерінің паркингтерінде ұстаған. Артынан жәбірленушілер қаланың шетіне шығарылып, темір контейнерге қамалды. Ол жерге күзет қойылған", – деп атап өтті Шалабаев.

Оның айтуынша, жәбірленушілердің бірі дене жарақатынан көз жұмды. Қазіргі кезде осы қылмыс үшін 40 адам қамауға алынды. Қалғандары анықталып жатыр.

Талқылау