Диета ұстауға қиналатын қазақстандық жұлдыздар кімдер
Айгүл Иманбаева секілді жұлдыздар өмір бойы диета ұстаса, енді бірі ешуақытта өзіне шектеу қойып көрмеген екен. Тіпті сүйіктілері де кей тамақты жеуге тыйым салатын кездері болады екен.
Бұл туралы Астана арнасының “Ел аузында” бағдарламасында айтылды.
Аша Матай мен Арман Қоңырбаевтың өмірлері үйленген соң күрт өзгерген. Тележүргізушінің өзі өтінгендіктен, Арман Ашаға кей тамақты жеуге тыйым салады екен.
“Біз отбасын құрғалы бір қызық жағдай болды. Мен тұрмысқа шықпас бұрын палауды жақсы көрмейтінмін. Бірақ Арман Шымкенттің тумасы болғандықтан, әкеміз палауды керемет дайындайды. Жаңа үйге келін болып түскен сәттен бастап палауды жақсы көріп кеттім. Әр сенбі немесе жексенбі сайын әкеміз палау әзірлейді. Қазір сол палауды саусақтарымды жалап тұрып жеп алатын болдым”, – дейді Аша Матай.
Тележүргізуші спортпен шұғылданса да, ешуақытта диета ұстап көрген емес.
“Мүлдем диета ұстап көрген емеспін. Мен үшін ол қиын дүние. Кейде ол керек шығар деп те ойлаймын. Өзімді тамаққа қатысты шектемеймін де. Кейде Арманға “Маған мына нәрсені жегізбеші” деп айтып отырамын. Артынша ол “Сен мына нәрсе жегізбе деп едің, жемегін” десе ренжіп қаламын”, – дейді Матайдың қызы.
Ал Айгүл Иманбаева керісінше өмір бойы диета ұстап келеді екен. Соңғы кезде денсаулығы сыр беріп жүргендіктен, қатаң диета ұстауға көшкен.
Ақбота Керімбекова өзіне қанша шектеу қойса да, дәмді тамаққа әуес екенін айтады.
“Енді бізді құртатын қонақ қой. Қазақ қашан да қонақжай халық болған. Барған жерінде әйтеуір дастархан жайып күтіп алады. Ол жерде диетада едім деп сызылып отыра алмайсың. Амал жоқ аузыңа бірнәрсе салып отырасың. Мен бала көтерген кезде толып кетемін. Жалпы Қарақат, Алтынай бәріміз бала көтерсек, тез толып кетеміз ғой”, – дейді Ақбота Керімбекова.
Бала көтерсе артық салмақ қосатын әншілердің қатарында Бейбіт Сейдуәлиева мен Роза Әлқожа да бар екен.
Меруерт Түсіпбаева керісінше қатаң диета ұстанып, кез келген сәтте арықтай алатынын айтады.
“Қазіргі уақытта көп әнші дұрыс тамақтануды қолға алып жатыр. “Мен былай арықтап жатырмын” дейді. Мен мұның барлығын баяғыда жасап қойғанмын. Студент кезімде өте семіз 63-65 кг болдым. 4 курста Сюзаннаның рөлін сомдайтын кезде, маған ұстаздарым арықтап кел деген тапсырма берді. Оларға құлақ түріп, жаз бойы қымыз бен шұбаттың көмегімен арықтадым. Осылайша үш ай ішінде 10 кг салмақтан арылдым”, – деп мақтанды Меруерт Түсіпбаева.
Асхат Тарғын да өзінің дене сымбатына ерекше мән беріп, артық салмақ жинамауға тырысады екен.
“Кешкі 8-9-дан кейін тамақ жемеймін. Майлы тағамдардан бас тартамын. Нан да жемеймін”, – дейді Асхат Тарғын.
Жаттығу залына жиі баратын өзге жұлдыздар әріптестеріне көбірек су ішіп, Ораза ұстауға кеңес берді. Олар осылайша артық салмақтан арылуға болатындығын айтады.
Жіберіп алмаңыздар:
Ерлан Орынбасаров арықтау үшін қыздармен қосылып билеп жүр (видео)
Қазақ эстрадасында диета ұстайтын жұлдыздар кімдер?
Отандық әншілер сахнада сымбатты көрінудің құпиясымен бөлісті