Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ең көбі 528 миллион теңге: Қазақстандық депутаттардың табыс декларациялары жарияланды

Фото: istockphoto.com

Сенат пен мәжіліс депутаттары өздерінің және жұбайларының табыстары туралы декларацияларды жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мәжілістің ресми сайтында 98 депутаттың ішінен небәрі төртеуінің декларациясын жариялады. Олардың қатарында палата спикерінің жұбайының табысы туралы мәлімет те бар.

Декларацияға сәйкес, парламент мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың жұбайы Гүлжан Абауова 2024 жылы 1 577 425 теңге табыс тапқан. Ал мәжіліс вице-спикері Альберт Раудың жұбайы Светлана болса 2024 жылғы табысы 10 804 608 теңгені құраған.

Ал мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаеваның 2024 жылға арналған декларациясында жеке салық салынуға жататын табыстары туралы мәлімет жоқ, осыған байланысты олар жарияланбаған. Осындай себеп бірқатар басқа да мәжіліс депуттарынан байқалады, олардың да жұбайларының 2024 жылғы табыстары туралы деректер жоқ.

Сонымен қатар кейбір депутаттардың декларациялары жарияланбайды, себебі олар 2024 жылы әлі мәжіліс депутаты болмаған.

Мәжілістің ресми сайтында төмендегі депутаттардың декларациялары жарияланды:

- Депутаттар арасындағы ең көп табыс “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары Ерлан Барлыбаевқа тиесілі. Ол 528 607 650 теңге көлемінде табысын декларациялаған. Декларацияда оның жұбайы – Ғалия Кенесбаевна туралы мәлімет те көрсетілген.

- “Қазақэнергосараптама” компаниясының бұрынғы басшысы Бауыржан Смағұловтың жұбайы Гүлмира Дүйсебекованың табысы 48 133 600 теңгені құраған.

- Мәжіліс депутаты Анас Баккожаев табыс декларациясында ешқандай кіріс көрсетпеген. Ал оның жұбайы Әлия Отарбаева 2024 жылы 4,3 миллион теңге табыс тапқан.


Үш жылда 805 миллион теңге: "Самұрық-Қазына" қорының басқарма төрағасы табысын декларациялады

Алматының экс-әкімі Досаевтың жұбайы бір жылда 2 миллиард теңгеден астам табыс тапқан


Ал сенатта 2024 жылға арналған декларацияларын 50 сенатордың ішінен небәрі бесеуі ғана жариялаған. Атап айтқанда, Сағындық Лұқпанов 43 760 теңге көлемінде табыс көрсеткен. Ал сенатор Закиржан Кузиевтің жұбайы – Тасмия Кузиева бір жылда 3,2 миллион теңге тапқан.

Сонымен қатар:

- Сұлтан Дүйсембиновтің жұбайы Рая Қыдырбаева 2024 жылы 5 миллион теңге табыс тапқан;

- Нұрлан Бекеновтің жұбайы Сара Бекенова – 11 миллион теңге;

- Жанболат Жөргенбаевтың жұбайы Дания Жөргенбаева – 12 миллион теңге табыс көрсеткен.

Ал сенаторлардың өздерінде жыл бойы қосымша табыс болмаған.

Құжатқа сәйкес, Сенат спикері Мәулен Әшімбаев пен оның жұбайы да қосымша табыс алмаған.

Айта кетейік, 2024 жылдың қазан айында қаржы министрлігі саяси қызметкерлердің декларацияларын жариялау міндетті болатынын мәлімдеген еді. Алайда бұл талап президенттің, премьер-министрдің, парламент спикерлерінің, ҰҚК, Бас прокуратура және Ішкі істер министрлігі басшыларының декларацияларына қолданылмайды.

Еске салсақ, бұған дейін шенеуніктер арасында алғашқылардың бірі болып ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2024 жылғы табысы туралы мәліметтерді жариялаған еді. Жұманғариннің жұбайы Сәния Садықовамен бірге жалпы табысы 88 678 984 теңгені құраған. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 08 Қаңтар, 2026 18:45