Депутаттардың мәлімдемесінен соң Қазақстанда уақыт белдеуі мәселесі қайта қаралады
Үкімет Қазақстандағы сағат белдеуін өзгерту бойынша депутаттық корпустың ұсыныстарын қайта қарайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
"Amanat" партиясының депутаттары бұрынғы сағат белдеуін қайтаруды сұрап, мәлімдеме жариялады. Олар елдегі уақыт өзгерісінен зардап шегіп жатқан мыңдаған қазақстандықтың арыз-шағымын тереңірек зерттеп, тыңдау қажет деп есептейді.
Үкімет отырысында вице-премьер Тамара Дүйсенова біртұтас уақыт белдеуіне көшу кейінгі 10 жылдан бері айтылып келе жатқанын атап өтті.
"Біз бұл мәселені былтыр талқылап, бір белдеуге көшеміз деп шештік. Қазір депутаттық корпус бұл мәселені тағы көтеріп, талқылап жатыр. Сондықтан олардың ұсыныстарын, бұл ұсыныстарды қалай негіздейтінін қарастырайық", – деді Дүйсенова.
Вице-премьер бұл мәселені мемлекеттік органдармен бірлесіп қарастыруға уәде берді.
"Бірыңғай уақыт белдеуіне көшкенімізге бір жыл да болған жоқ. Біз мұның салдарын қарастыруымыз керек. Денсаулық сақтау жүйесінде, энергияны пайдалану жүйесінде біз күрт өзгерістер мен ауытқуларды көріп тұрған жоқпыз", – деді ол.
Еске салсақ, бұған дейін депутаттар уақыт белдеуі мәселесі мәжіліс отырысында қаралатынын айтты.
1 наурызда Қазақстанның барлық аймағы бір уақыт белдеуіне ауысты. Алайда бірыңғай уақыт белдеуіне көшкеннен кейін қазақстандықтар жарыққа көп шығындалатын болды. Наурызда ел тұрғындары ақпан айымен салыстырғанда электр энергиясын 364 млн кВт/сағат артық пайдаланған.
Бұған дейін бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы петиция 50 мың қол жинағаны туралы жазған едік. Ал министрлік бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы петицияны қанағаттандырмай қойды.