Қазақстанда енді жол апатынан кейінгі залал шығынды тәуелсіз мамандар бағалау ұсынылды

"Amanat" партиясының депутаттары автосақтандыру жүйесінде шығындарды тәуелсіз мамандар бағаласын деп ұсынды. Олардың айтуынша, көбіне жол апатынан келген шығынды сақтандыру компаниясының өзі есептейді. Ал бұл әділ болмауы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәжіліс депутаттары міндетті автосақтандыру жүйесінде әділдікке күмән тудыратын мәселе бар екенін айтады. Олардың сөзінше, проблема заңның өзінде емес, оны қолдану тәртібінде.
“Қазіргі ереже бойынша жол апатынан келген шығын көлемін сақтандыру компаниясының өзі немесе оның жалдаған бағалаушысы есептейді. Яғни, өтемақы төлеуге міндетті тарап залал мөлшерін өзі анықтайды. Ал жәбірленуші тәуелсіз бағалау жүргізе алмайды. Тек сақтандыру компаниясы мерзімді бұзған жағдайда ғана ондай мүмкіндік беріледі. Бұл азаматтардың өз құқығын толық қорғауына кедергі келтіреді. Нәтижесінде сақтандыру компаниясы бір мезетте әрі төлеуші, әрі залалды есептеуге қатысушы болып отыр, ал бағалау тәртібін уәкілетті орган белгілейді. Мұндай модель мүдделер қақтығысына тәуекел тудырып, жәбірленушіні тең емес жағдайға қояды. Азамат көбіне ұсынылған есеппен келісуге немесе қосымша, кейде тиімсіз рәсімдерге жүгінуге мәжбүр.”, – делінген хабарламада.
Депутаттардың айтуынша, міндетті сақтандыру болғандықтан, шығынды бағалау да әділ әрі ашық болуы керек.
“Қазақстанда тәуелсіз бағалаушылар бар. Бірақ автосақтандыру саласында олардың мүмкіндігі толық қолданылмай отыр. Ал көптеген елдерде сақтандыру компаниясы мен шығынды бағалайтын маман бөлек жұмыс істейді. Бұл әділдікті қамтамасыз етіп, сенімді арттырады. Заң бойынша міндетті сақтандырудың негізгі мақсаты – жәбірленушінің мүліктік құқығын қорғау. Сондықтан залалды есептеу тәртібі тәуелсіз әрі әділ болуы тиіс”, – делінген сауалда.
Депутаттар сауалды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жолдаған.
Алматыда оқу ақысы 6 миллион теңге болатын элиталық мектепте оқушыларға шикі тамақ берілген